Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасында жаңа ғылыми бағытта докторлық диссертация қорғалдыFarabi University

Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасында жаңа ғылыми бағытта докторлық диссертация қорғалды

8 шілде, 2025

2025 жылғы 4 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінде маңызды ғылыми оқиға орын алды – Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының PhD докторанты Жолдас Ерасыл Айдосұлы 8D07104 – Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы білім беру бағдарламасы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Қорғау академик Еділ Ерғожаұлы Ерғожин атындағы конференция залында өтті.

Диссертация тақырыбы: «R₂O₃ – MeO – M₂O – B₂O₃ (R = Sc, Y, Ce, Eu, Tb, Yb; Me = Sr, Ba; M = Na, K) жүйесінде люминесценттік материалдарды синтездеу».

Зерттеу жұмысының мақсаты – боратты матрицалар негізінде жаңа типтегі люминофорларды синтездеп, олардың кристалдық құрылымы мен люминесценттік қасиеттері арасындағы байланыстарды анықтау.

Ғылыми кеңесшілері:

PhD, жетекші ғылыми қызметкер Болатов Асет Қуанышұлы (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ); техника ғылымдарының докторы, профессор Кох Александр Егорович (В.С. Соболев атындағы Геология және минералогия институты, Новосібір, Ресей).

Зерттеу нәтижесінде KSrY(BO₃)₂ және NaBaSc(BO₃)₂ негізіндегі жаңа боратты люминофорлар әртүрлі әдістермен синтезделіп, олардың құрылымдық-фазалық ерекшеліктері мен люминесценттік сипаттамалары кешенді түрде зерттелді. Ең маңыздысы – синтезделген қосылыстардың люминесценция түсін синтез әдісі арқылы басқаруға болатыны дәлелденді.

Зерттеудің практикалық маңызыалынған жаңа люминофорларды жарықдиодты шамдарда, дисплейлерде, биосенсорлар мен қауіпсіздік жүйелерінде қолдануға болады. Бұл материалдар энергияны тиімді пайдалануға, құрылғылардың жұмыс ресурсын арттыруға және отандық жарық көздерінің өндірісін дамытуға бағытталған нақты қолданбалы шешімдер ұсынады.

Бұл диссертациялық жұмыс кафедра тарихында бұрын-соңды зерттелмеген жаңа ғылыми бағыт – сирекжерлі бораттар негізіндегі люминесценттік материалдар химиясын дамытуға арналды. Осы арқылы кафедрада бейорганикалық материалтанудың жаңа саласына жол ашылды.

Жолдас Ерасыл Айдосұлының жұмысы кафедра мен факультеттің ғылыми әлеуетін арттырып, болашақта заманауи жарықдиодтық технологияларға арналған отандық люминофорларды жасауға негіз бола алады.

Кафедра ұжымы ізденушіні ғылыми дәрежеге қол жеткізуімен шын жүректен құттықтап, жаңа табыстар мен халықаралық ғылыми ортада танылуына тілек білдіреді!

Материалды дайындаған:

Қалабаева Майра Қасенқызы,

химия ғылымдарының кандидаты