ТДМ 3 – «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» аясында: Химия факультетінің Көкшоқыда өткен дәстүрлі демалыс күніFarabi University

ТДМ 3 – «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» аясында: Химия факультетінің Көкшоқыда өткен дәстүрлі демалыс күні

8 шілде, 2025

2024–2025 оқу жылының қорытындысы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің ұжымы дәстүрлі түрде табиғат аясында демалыс ұйымдастырды. Бұл игі шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» қағидаттары аясында өтті.

Іс-шара Алматы қаласының іргесіндегі Көкшоқы QALALYQ FERMA демалыс аймағында өтті. Аталған демалыс күніне профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, студенттер, эдвайзерлер және оқытушылардың жасөспірім балалары қатысты.

Кең тынысты табиғат аясында өткізілген күн мазмұнды әрі көңілді өтті. Бағдарлама аясында түрлі командалық жарыстар, спорттық эстафеталар, танымдық викториналар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды. Балалар мен студенттер белсене атсалысып, үлкендермен бірге ұжымдық ойындарда өзара ынтымақ пен серіктестік танытты.

Демалыс барысында ашық аспан астында жайылған дастархан басында жылы лебіздер мен естеліктер ортаға салынып, бейформалды ортада шынайы қарым-қатынас орнады. Бұл күн – тек көңіл көтеру мен тынығу ғана емес, факультет ішіндегі ынтымақтастықты арттырып, оқытушы мен студент, ұжым мен отбасы арасындағы байланысты нығайтқан ерекше сәт болды.

Іс-шара соңында жарыс жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларға арнап сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсімін университет проректоры А.К. Галеева жүргізіп, қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, мұндай мазмұнды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Бұл күн – факультет ұжымы үшін бір жылдық еңбекті қорытындылайтын, сергек көңіл-күй мен жаңа серпін сыйлаған жарқын демалыс болды. Химия және химиялық технология факультеті осындай дәстүрлі басқосуларды жүйелі түрде өткізіп, ұжымдық рух пен академиялық қауымдастықтың берік негізін қалыптастыруды жалғастыра бермек.

Бейқұт Балғышева
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының доценті,

химия ғылымдарының докторы