- Басты бет
- Жаңалықтар
- Механика-математика факультетінің түлектері ҚазҰУ дипломымен жаңа өмірге жол тартты
Механика-математика факультетінің түлектері ҚазҰУ дипломымен жаңа өмірге жол тартты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында механика-математика факультетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасы Әнұранымен басталып, жүргізушілердің құттықтау сөзімен жалғасты. Олар бұл ерекше күнмен қатысушыларды шын жүректен құттықтады.
Түлектерге университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз арнады. «Цифрлық трансформация дәуірінде факультет озық ой мен нақты ғылымдардың көшбасшысына айналды. Факультет түлектері – еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалар. Олардың қатарында өңірлерді басқарған әкімдер, үкімет мүшелері, ғылым мен өндіріс көшбасшылары бар. Бүгін сіздер үлкен өмірге, жаңа белестерге аяқ басып отырсыздар. Бұл – сіздердің білімге, еңбекке, табандылық пен мақсаткерлікке жеткен жеңістеріңіз. Жаңа жетістіктер мен асуларға жолдарыңыз ашық болсын!» – делінді құттықтау хатта.
Өз кезегінде механика-математика факультетінің деканы Нұрсұлтан Досжан да шәкірттерін диплом алуымен құттықтап, жетістіктерін атап өтті. Биыл факультет 464 маманды даярлап шығарды, олардың 408-і – бакалавр, 56-сы магистр дәрежесін алды. Декан түлектердің ҚазҰУ қабырғасында алған білімі мен дағдылары еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуға жол ашатынын тілге тиек етті.
Жиылған жас мамандарға мамандықтары бойынша диплом табысталды. Олардың қатарында «Математика», «Механика», «Корпоративтік жүйелер», «Ғарыштық техника», «Робототехникалық жүйелер», «Есептеу ғылымдары» және басқа да мамандықтар бар. Диплом тапсыру үшін сахнаға кафедра меңгерушілері мен декандар көтеріліп, түлектерді үлкен өмірге қадам басуымен құттықтады.
Сондай-ақ шара барысында бітірушілер әуезді ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Барлық қатысушылар мен қонақтар жарқын әсермен тарқасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
