Журналистика факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл факультетті 168 бакалавр, 58 магистр тамамдады.
Әл-Фараби кітапханасында өткен салтанатты жиынға бітіруші түлектер, оқытушы-ғалымдар мен түлектердің ата-аналары жиналды.
Жиында сөз алған Тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректордың м.у.а. Жұлдыз Есімова университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын оқып, түлектердің болашақтағы кәсіби жолына сәттілік тілеп, журналист мамандығының қоғамдағы жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
Өз кезегінде факультет деканы Қанат Әуесбай: «Құрметті түлектер, сіздер кәсіби журналист болу жолында үлкен еңбек еттіңіздер. Енді алған білімдеріңізді халыққа адал қызмет етуге, әділдік пен шындықты қорғауға бағыттайды деп сенемін. Сіздердің әрқайсыңыз еліміздің ақпараттық кеңістігінің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп білемін», – деді. Түлектер де жүрекжарды лебіздерін арнап, университет қабырғасында алған білімдері мен тәжірибелері болашақ жолдарын анықтауға зор ықпал еткенін атап, ұстаздарына алғыстарын айтты.
Бүгінде журналистика факультеті еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарына сапалы кадр даярлайтын жетекші орталықтардың бірі болып саналады. Мұнда студенттерге дәстүрлі БАҚ-пен қатар, жаңа медиа, телевизия, радиожурналистика, мультимедиа журналистика бағыттары бойынша білім беріледі.
Факультет жыл сайын тоғыз мамандық бойынша бакалавриатқа 500-ге жуық талапкерді оқуға қабылдайды. Оқу барысында студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибе жинақтап, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі