ҚазҰУ-ға алғашқы күні 600-ден астам талапкер келді

Бүгін елімізде жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурсқа өтініш қабылдау ресми түрде басталды. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті талапкерлерге есігін айқара ашып, қабылдау науқанына қарқынды кірісті.
Қабылдау комиссиясының алғашқы жұмыс күнінде ҚазҰУ кампусына 600-ден астам талапкер келіп, мамандардан кеңес алып, құжаттарын рәсімдеді. Оның ішінде 283 үміткер мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін ресми түрде өтініш тапсырды. Олардың арасында 27 «Алтын белгі» иегері, 48 үздік аттестат иегері және 208 жеңілдік квотасы бойынша үміткер бар.
«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында талапкер қолайлығы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда күту залы, кеңес беру бөлімдері және ғимарат алдындағы арнайы шатырлар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар факультеттердің білім беру бағдарламалары, мамандықтар туралы ақпараттық стендтер қойылған. Қабылдау нүктелерінде халықаралық университеттердің өкілдері мен басқа да республикалық жоғары оқу орындарының мамандары кеңес беруде.
Алғашқы екі сағаттың өзінде 100-ден астам талапкерге қызмет көрсетілді. Электронды кезек жүйесі арқылы талапкерлерге нөмір беріліп, қызмет көрсету барысы ыңғайлы және жылдам ұйымдастырылған. Залдарда кондиционер жүйесі жұмыс істеп тұр, қабылдау үдерісі кідіріссіз жүргізілуде.
Ата-аналар да қабылдау науқанына белсенді қатысуда. Олар оқу бағдарламалары, жеңілдіктер, квоталар мен конкурс шарттары бойынша кеңес алып, балаларына бағыт таңдауға көмектесуде.
Талапкерлер арасында ең жоғары қызығушылықты ақпараттық технологиялар, математика және физика секілді жаратылыстану бағытындағы мамандықтар тудырды. Сонымен қатар, филология, құқық және экономика салаларына да сұраныс жоғары.
Мемлекеттік грант конкурсына өтініштер 20 шілдеге дейін қабылданады. ҚазҰУ өтініштерді жеке келіп беруге де, виртуалды қабылдау комиссиясы немесе EGOV электрондық үкімет порталы арқылы онлайн жолдауға болатынын ескертеді.
Қабылдау комиссиясы алдағы апталарда талапкерлер ағыны артады деп күтеді. Мамандар барлық сұрақтарға жауап беруге және қажетті кеңес көрсетуге дайын екендерін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
