Жастар «Ұлт жоспарының» орындалуына белсене атсалыспақ
Жастар «Ұлт жоспарының» орындалуына белсене атсалыспақ Құрылғанына 17 жыл болған ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер кәсіподағы Елбасының әрбір Жолдауы мен ел алдына қойған үлкен мақсат-мұраттарына үн қосып, олардың жастар арасында насихатталып, жүзеге асуына белсенді атсалысып келеді.
Кәсіподақ төрайымы Айдана Дәуренқызы елімізде жастардың жан-жақты дамуынан бөлек, жұмыспен қамтылуы үшін бар жағдайдың жасалып отырғанын баса айтумен қатар, 100 нақты қадаммен айшықталған Ұлт жоспарын орындауда жас ұрпақтың атқарар қызметінің жоғары екеніне сенімді.
– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік»
деп ел жастарына үлкен сеніммен қарап отыр, – деп бастады әңгімесін Айдана Дәуренқызы: «Бұл арада «Сұңқар» студенттер кәсіподағы басқа университеттерге үлгі боларлықтай. Біздің зерттеулерімізге сенсек, басқа университеттерде студенттер кәсіподақтың не екенін көбіне-көп біле бермейді. Ал «Сұңқар» кәсіподағы – ҚазҰУ жастарының қамқоршысы болып отыр. Біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттерге көмек көрсетумен қатар жастарға қатысты барлық іс-шараларға қаржылай демеу етеміз. Мәселен, Студенттер сарайында өтетін іс-шаралардан бастап, факультеттік деңгейдегі шараларға өз үлесімізді қосып келеміз. Ең бастысы, Елбасымыздың елге сенім артып отырған Ұлт жоспары аясында көптеген жобаны жүзеге асырып жүрміз», – дейді.
Бүгінде елімізде 730 мыңнан астам жас кәсіподақтарға мүшелік етсе, оның 230 мыңнан астамы студент жастар екен. Десе де, «Сұңқар» кәсіподағының төрайымы жастар арасында құқықтық сауаттың аздығына өкінеді. Өз кезегінде ол: «Өкінішке қарай, жастардың өз құқын қорғауда, қандайда бір әлеуметтік көмек алуында кәсіподақтың мүмкіндігі зор болса да, бұл жайлы біліп жатқан студенттер кемде-кем. Ал бұл ұйымдар жастардың басын біріктіруде әрі құқын қорғауда үлкен жұмыс атқара алады. Егерде республикалық кәсіподақтарға жастар көбірек тартылса, бәлкім, бұл ұйымдардың жұмыстары да жандана түсер ме еді деп ойлаймыз» дейді. Бұдан тыс студенттер кәсіподақтарды реттейтін заңдарға кәсіподақ жастары туралы толықтырулар енгізу қажеттігін бірауыздан қолдап отыр.
«Сұңқар» кәсіподағы жастардың әлеуметтік жағдайын шешуге атсалысудан бөлек, ұлттық патриоттық және спорттық-сауықтыру бағытында да үлкен шаралар атқарып жүр. Жұмыс істеп, ақша тапқысы келетін студенттерге арнайы бағдарламалар ұсынылған. Атап айтсақ, «Жасыл ел», Студенттер құрылыс отрядтары жас ұрпақтың ертерек жұмысқа тартылып, маңдай термен еңбек етуін үйретіп жүр. Бұл жерде студенттер арнайы жазылып, үш айлық мерзімде жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Ал 22 қыркүйек – Тіл мерекесіне орай ҚазҰУ-дың қара шаңырағында «Бауырсақ party» акциясы өткізіліп, жастардың патриоттық сезімін көтерумен қатар, ана тілімізге деген құрметін арттырып келеді.Бұл күні оқу орнына келген әрбір студент қазақ тілінде мақал-мәтел айтып, бауырсақтан дәм татады.
Бір қуантарлығы, ұйым университет түлектерінің жұмысқа орналасуына да мүмкіндігінше жәрдемдесіп, жастардың әлеуметтік және еңбек құқықтарының қорғалуы бағытында өз ақыл-кеңестерін аянбай беріп келеді екен.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
http://aikyn.kz/ru/news/show/20689-zhastar_lt_zhosparyny_oryndaluyna_belsene_atsalyspa_