АҚШ-тан келген Джон атай жас түлектің диплом алу кешіне қатысты
Ағаби Әбдусәмедов – ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша аяқтап отырған жас түлек. Ол жоғары оқу орнында сабақты жақсы оқып, ұстаздарының көңілінен шыққан ізденімпаз студент атанды. Университетке түскен алғашқы жылдардан-ақ білімге құштар екенін байқатты. Кітапты көп оқыды, әсіресе мамандығына байланысты қосымша еңбектерді іздеп жүріп оқитын студентті ұстаздары дипломын қолына ұстатып, өмір жолына шығарып салды. Қара шаңырақ ҚазҰУ-да бес жыл білім алып, денсаулық сақтау бакалавры дәрежесін алған Ағабидің есінде бұл күн ерекше қалды. Өйткені оны осыдан үш жыл бұрын АҚШ-тың Массачусетс штатына ағылшын тілін үйренуге барғанда құшақ жая қарсы алған Джон Салливан атай арнайы құттықтап келді. Ағаби Джон атайды өзі туып-өскен Түркістанға апарып, көне қаланың тарихи-мәдени жерлерімен таныстырды. Одан кейін Алматыға, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келіп, Ағабидің диплом алу салтанатты жиынына қатысты.
– АҚШ-қа жұмыс істеп, тіл үйренуге барғанымда алғашында қиындау болғанын жасырмаймын. Джон атаймен танысып, табысқаннан кейін өзімді жақсы, еркін сезіне бастадым. Тілім де шыға бастады. Үш ай ұзақ уақыт емес, десек те, осы аз уақыт ішінде атаймен тіл табысып, достасып кеттік. Мұхит асып, 10 мың шақырым жерден іздеп келген атама құрметім шексіз, өте ризамын, – деді бізбен әңгімесінде жас түлек Ағаби Әбдусәмедов.
Джон Салливан атай да қазақтың жерін басқанына дән риза. Ол Қазақстан өте көрікті, сұлу мекен екенін тілге тиек етті.
– Алматының тауы өте әдемі екен. ҚазҰУ кампусы да үлкен, табиғаты ерекше көз тартады, – деді әңгіме арасында.
Джон атайдың бірнеше мамандығы бар. Ол – оқытушы, анимация дизайнері, әртіс. Қолы қалт еткенде балаларды қуантуды қалайды. Арасында Санта Клаус болып, бөбектерге қуаныш сыйлайды. Кедей отбасын, көп балалы жанұяларды қолдап, сыйлық бергенді жақсы көреді. Мен ол кісіден Ағабимен қалай танысқанын сұрадым.
– Осыдан үш жыл бұрын Ағаби мен тұратын Кейп-Кодқа (Массачусетс штаты) келіп, менімен үш ай бірге тұрды. Сол кезде ол жұмыс істеп, ағылшын тілін үйренді. Біз өте жақсы тіл табыстық. Ол өте жақсы, тамаша жас жігіт. Шынымен де солай. Ағаби еліне қайтар кезде мен оған «білім алып жатқан университетіңді бітіргенде сенің диплом алу кешіңе келемін, өйткені сен маған өте қымбат адамсың» дегенмін. Сол сөзімде тұрып, мен Қазақстанға келдім. Өзім 1974 жылдан бері елден алғаш рет шығып отырмын. Яғни мен үшін саяхатқа шығу – жат оқиға. Сондықтан бұл жаққа келу маған өте ерекше әсер етті. Қазақстанды көру – сөзбен айтып жеткізе алмайтын тамаша сезім. Өте әдемі ел екен. Тамаша тарихы, мәдениеті мен өнері ерекше. Ағаби мені айналамен жіті таныстырып жатыр. Біз Түркістанда болдық, тағы басқа қалаларға барып, мешіттер мен кесенелерді, тау-тас, үңгірлерді көрдік. Қазақстанда көп елді мекенді көріп, көп ақпарат алдым. Қазақстан сөзсіз керемет ел екен, – деп өз ойымен бөлісті.
Джон Салливан атай Ағабидің диплом алу салтанатына қатысып, ерекше көңіл күйді бастан кешірді. Фараби кітапханасын көріп, оның әдемілігіне, бай қорына тәнті болды. «Кітапхана – өте әдемі, заманауи кейіпте салыныпты. Әрбір оқу орны өз кітапханасының сапасына қарап бағаланады. Кітапханаға қарап, бұл оқу орнын мықты болар деп ойлаймын. Ал Ағабиге сәт сапар, өмірде үлкен табыс тілеймін. Меніңше, ол кез келген жағдайды түсінетін, кез келген қиыншылықтан аман шығатын ақылды жігіт. Мен болашақта Ағаби үлкен жетістікке жетеді деп сенемін», – деген тілегін айтты.
Ал Ағаби өз мамандығын жақсы көретін жас маман. Ол білімін әрі қарай АҚШ-та жалғастыруды жөн көріп отыр.
– Шетелде алған білімімді кейін елімнің келешек игілігіне жұмсағым келеді. Ол үшін көп ізденіп, көп оқу керек екенін түсінемін. Бес жыл бойы білім алған ҚазҰУ-ым менің азамат болып қалыптасуыма, тәжірибе жинауыма өте үлкен ықпал етті. Білім берген ұстаздарыма, зерттеуші-ғалымдарға алғысым шексіз. Мен білімді, білікті оқытушылардан сабақ алғанымды мақтан тұтамын. АҚШ-та жұмыс істеп жүргенімде осы кәсіби білімімнің арқасында екі адамның өмірін құтқарып қалдым. Ол кезде мен екінші курста оқитын едім. Екіжылдық білімнің өзі маған сондай деңгейде тәжірибе берді. Демек, Джон атай да маған текке бауыр баспаған болды ғой, ол менің бойымнан адами ізгі қасиеттерді көрген шығар, – дейді ол.
Біз де өз тарапымыздан АҚШ-тан келген арнайы қонаққа сәтті сапар тіледік. Қайда жүрсеңіз де, аман болыңыз, Джон атай!
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар
