- Басты бет
- Жаңалықтар
- Рединг университетімен (Ұлыбритания) халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту
Рединг университетімен (Ұлыбритания) халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту

2025 жылдың 22-29 маусым аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының оқытушылары профессор А.А. Токбергенова, доцент А.Н. Мусагалиева және аға оқытушы К.Б. Зулпыхаров Ұлыбританиядағы Рединг университетіне ғылыми іссапармен барды.
Сапар BR21882122 ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды: «Жасыл өсу» контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін орнықты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамды бағалау және сценарийлер.
Іссапардың мақсаты – тұрақты жер пайдалану, жер деградациясы мен шөлейттену процестері, сондай-ақ климаттық өзгерістердің ландшафттық жүйелерге әсері бойынша озық тәжірибемен танысу.
Сапар барысында Рединг университетінің Ауыл шаруашылығы, саясат және даму мектебінің ғалымдарымен кездесулер мен кеңестер өткізілді. Мектеп жетекшісі, профессор Саймон Мортимер және профессор Мартин Лукач жер ресурстарын орнықты басқарудың негізгі ғылыми бағыттары мен заманауи тәсілдерін таныстырып, климаттық және экологиялық өзгерістер жағдайында ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мәселесіне назар аударды.
Оқытушылар зертханалар мен ғылыми бөлімшелерге барып, топырақ пен өсімдіктер жамылғысын бағалау әдістерімен, далалық эксперименттермен және агроэкожүйелердегі мәліметтерді жинау технологияларымен танысты.
Сапар аясында шөлейттену процестерін модельдеу, аумақтардың осалдық деңгейін болжау және ауыл шаруашылығы жерлерінің деградациясын бейтараптандыру мәселелері бойынша ғылыми пікірталас өтті. Жоспарланатын зерттеулер мен жарияланымдар бағыттары анықталып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Рединг университеті арасындағы академиялық ынтымақтастықты тереңдету бойынша қадамдар келісілді.