4500-ДЕН АСТАМ ТАЛАПКЕР ҚАЗҰУ-ДА ОҚУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ БОЛДЫFarabi University

4500-ДЕН АСТАМ ТАЛАПКЕР ҚАЗҰУ-ДА ОҚУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ БОЛДЫ

7 тамыз, 2025

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін ресми түрде жариялады. Конкурс қорытындысы бойынша 4535 талапкер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу үшін мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – еліміздегі жетекші жоғары оқу орнына деген зор сенім мен сұраныстың көрінісі.

Биыл конкурсқа қатысу үшін 113 мыңға жуық өтініш қабылданған. Ең көп сұранысқа ие білім беру бағыттары:

  • Педагогикалық ғылымдар,
  • Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары,
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.

2025–2026 оқу жылына бөлінген жалпы 77 мыңнан астам гранттың құрылымы:

  • 60% – техникалық мамандықтарға,
  • 20% – педагогикалық бағыттарға,
  • 20% – өзге салаларға, еңбек нарығының сұранысына сәйкес бөлінді.

Гранттар ҰБТ нәтижелері бойынша тағайындалады. Әр талапкер 4 ЖОО мен 4 білім беру бағдарламасын таңдай алды.

Сонымен қатар, әлеуметтік квота санаттары да ескерілді: жетім балалар, мүгедектігі бар балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекеттік грант иегерлерін шын жүректен  құттықтайды! Табысты студенттік өмір және жарқын жетістіктер тілейді!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі