- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шэньчжэнь университетінің ынтымақтастығы аясындағы жазғы мектеп
Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шэньчжэнь университетінің ынтымақтастығы аясындағы жазғы мектеп

2025 жылдың 10 тамызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық факультетінің Денсаулық сақтау саясаты және оны ұйымдастыру кафедрасы базасында Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь университеті Медицина мектебінің магистранттары мен докторанттарына арналған «Basic Medical and Pharmaceutical Science» халықаралық жазғы мектебі өз жұмысын сәтті бастады.
Жазғы мектеп бағдарламасы 10–16 тамыз аралығында өткізіліп, негізгі медициналық ғылымдар, фармация және биомедицина бағыттары бойынша білім алушыларды біріктіреді. Мақсат — академиялық ынтымақтастықты кеңейту, білім алмасу және жас ғалымдардың кәсіби құзыреттерін дамыту.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚазҰУ Басқарма мүшесі — академиялық мәселелер жөніндегі проректор, химия ғылымдарының докторы, профессор Алина Кулбайқызы Галеева, Медицина және денсаулық факультетінің деканы, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сүндетғали Беркінұлы Қалмаханов, сондай-ақ Денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара Жамбайқызы Қапанова құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық білім беру бағдарламаларының жоғары білікті мамандар даярлаудағы және университеттер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.
Апталық бағдарлама аясында дәрістер, практикалық сабақтар, ғылыми пікірталастар, сондай-ақ қатысушыларға Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін мәдени шаралар қарастырылған.
ҚазҰУ-дегі жазғы мектеп — әлемнің жетекші университеттерімен серіктестікті дамыту және медицина саласында тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасау жолындағы тағы бір маңызды қадам. Жазғы мектептің дәріскерлері — АҚШ, Ұлыбритания және басқа да алдыңғы қатарлы елдердің беделді университеттерінде тағылымдамадан өткен немесе білім алған факультет пен ҚазҰУ-дың жетекші ғалымдары.
Басқа жаңалықтар
