ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІFarabi University

ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

18 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Кореяның инвестициялық құрылымдары өкілдерімен кездесті.

Кездесуге EDCF қорының мүдделерін таныстыратын және елдер арасындағы өзара ынтымақтастықты үйлестіретін консалтингтік компанияның бас директоры Так Чонхо арнайы келді.

Ректор ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктеріне тоқталып, университет базасында ғылыми-инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін атап өтті.

Өз кезегінде Так Чонхо мырза EDCF қорының ағымдағы жүйесі мен стратегиясы туралы кеңінен ақпарат беріп, қордың 2025–2027 жылдарға арналған орта мерзімді мақсаттары жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, аталған кезеңде қор арқылы дамушы елдерге 14,1 трлн вон көлемінде қаржыландыру бекітіліп, 2025 жылдың өзінде 4,6 трлн вон көлемінде жобалар мақұлданбақ.

Келіссөз барысында ҚазҰУ жобаларын қолдау тетіктері, сондай-ақ университеттің ғылыми инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған бірлескен жобаларға қаржыландыру тарту жолдары қарастырылды.

Мәртебелі мейман бұл үдеріс тек консультациялық кезеңмен шектелмейтінін және мемлекетаралық деңгейде тиісті құжаттарға қол қойылғанға дейін толық сүйемелденетінін жеткізді. Болашақта EDCF аясында ҚазҰУ мен корейлік құрылымдар арасында стратегиялық әріптестік орнауы мүмкін.

Сондай-ақ кездесуге Қазақстандағы EDCF қорының ресми өкілі Клавдия Пан, халықаралық бизнес-консалинг саласындағы сарапшы Виталий Чирясов қатысты.

Айта кетсек, EDCF (Экономикалық даму саласындағы ынтымақтастық қоры) – 1987 жылы құрылған Оңтүстік Корея үкіметінің халықаралық даму бағдарламасы. Қордың негізгі мақсаты – дамушы елдерге қаржылық қолдау көрсете отырып, экономикалық әріптестікті нығайту. Қорды жүзеге асырушы – Кореяның Экспорт-импорт банкі (KEXIM).

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі