ҚАЗҰУ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫНА АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАРДЫ ӘЗІРЛЕУДЕFarabi University

ҚАЗҰУ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫНА АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАРДЫ ӘЗІРЛЕУДЕ

18 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ядролық энергетикалық қондырғыларға арналған конструкциялық және функционалдық материалдар зертханасы Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салуға арналған ғылыми базаны дайындауда маңызды рөл атқаруда.

Зертхананың негізгі міндеті – ядролық реактор жағдайында қолданылатын әртүрлі материалдардың қасиеттері мен мінез-құлқын зерттеу. Бұл жоғары температура, сәулелену, коррозиялық орта және механикалық жүктемелердің әсерін қамтиды.

Аталған зерттеулер болашақ станцияның сенімді әрі қауіпсіз құрамдас бөліктерін жасауға қандай материалдардың жарамды екенін түсінуге көмектеседі. Зертхана Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымдарымен және халықаралық серіктестерімен тығыз байланысып, жұмыс істейді. Мұндай бірлескен жобалар дүниежүзілік стандарттарға сай болуға және озық технологияларды еліміздің жағдайына бейімдеуге мүмкіндік береді.

«Материалдарды шынайы жағдайларға барынша жақын ортада сынауға ерекше көңіл бөлінеді. Зертханада литийлі керамикалар, сутегі өткізгіш материалдар және радиацияға төзімді компоненттер бойынша бірегей нәтижелер алынған. Бұл деректер реактордың жылу тасығышы мен қорғаныс жүйесі үшін өте маңызды», – дейді техника ғылымдарының кандидаты, ҚаЗҰУ-дың жетекші ғылыми қызметкері Евгений Чихрай.

Сонымен қатар, сәулелену жағдайында жұмыс істей алатын талшықты-оптикалық датчиктерді енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл технологиялар Қазақстанда жоспарланып отырған АЭС-те ғана емес, сондай-ақ халықаралық ITER және DEMO сияқты жобаларда да қолданылуы мүмкін.

Зертхананың ғылыми қызметінің нәтижелері түрлі сараптамалық алаңдар мен форумдарда белсенді түрде талқыланып, атом энергетикасын дамыту мәселелері бойынша ғылыми негізделген ұстанымды қалыптастыруға ықпал етуде.

Зертхана академиялық ортада мойындалған – қызметкерлердің мақалалары Web of Science және Scopus базаларына енген халықаралық ғылыми журналдарда жарияланып жүр. Сонымен қатар, жас мамандарды даярлау ісі жолға қойылған: қазіргі таңда зертханада ядролық энергетика тақырыбында екі докторант жұмыс істеуде, ал 2025 жылы жаңа аспирантты қабылдау жоспарлануда.

Осылайша, ЯЭҚКФМЗ зертханасы Қазақстанда атом энергетикасы жобасын іске асыруға қажетті ядролық технологиялар мен кадрларды дайындауға елеулі үлес қосып келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі