Жерлестерімді мақтан етемін
Өз дәрежесін өз елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде қорғап келе жатқан білім ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті болып табылады.
1934 жылы алғаш Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті болып ашылған бұл оқу орны – қазіргі таңда өзіндік бай тарихы қалыптасқан, адамгершілік тәрбиесі мен сапалы білімді жоғары қоятын, Қазақ елінің дамуына зор үлесін қосып, талай түлек ұшырған қара шаңырақ. Құрамында 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқаратын бұл оқу ордасы – еліміздің ең үздік университеті. QS рейтингісімен әлем университеттерінің ішінен ТМД елдері бойынша үш орынды иеленіп тұр.
Тек қана білім жағынан емес, бұл университет – студенттік өмірдің отауы, Алатаудың баурайында орын тепкен жеке бір қалашық дерсің. Екінші баспанаға айналған жатақханалар, екі миллионнан астам қоры бар кітапхана, «Ай-Тұмар» тамақтандыру комбинаты, «Керемет» студенттер қызмет көрсету орталығы, спорт-сауықтыру кешендері орналасқан бұл қалашықта студенттік өмірге барлық жағдай жасалған. Рухани өмірді байытатын, бос уақытта пайдалы істермен шұғылдануға мүмкіндік беретін әртүрлі жобалардың, «ҚазҰУ аруы», «Ана тілі аруы - жігіт сұлтаны», «Студенттік көктем», «Наурыз» секілді мемлекеттік дәрежеде өтетін фестивальдардың куәгері де бола аласыз.
Дарынды балаларға арналған облыстық ұлттық гимназиядан түлеп ұшып, алдымда таңдау мүмкіндігі түскенде – мен де Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін ойланбастан қаладым. Қазіргі таңда филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының «Шет тілі: екі шетел тілі» мамандығының қазақ бөлімінің 4-курсында білім алып жатырмын.
Мұнда жүзге жуық атыраулық білім алуда. Біздің облыстан оқитын студенттердің бір ерекшелігі, олардың бәрі дерлік – оқу озаттары. Қоғамдық жұмыстың ортасында жүретіндер де – атыраулықтар. Біздің өңірден барған студенттердің тағы бір ерекшелігі – олар көпшіл, ашық, әрі бірнеше тілді еркін меңгергендер. Мен өз жерлестерімді әруақыт мақтан етемін. Себебі, олардың көбі ертең-ақ жоғары білім алып, Атырау өңірін дамытуға аттанады. Солардың ішінде мен де бармын.
Венера ҚАЙЫРЖАНОВА,Әл-Фараби атындағыҚазақ Ұлттықуниверситетінің студенті