САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰМРА МИНИСТРІ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІFarabi University

САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰМРА МИНИСТРІ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

26 тамыз, 2025

Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра істері жөніндегі министрі Тауфик бен Фаузан бен Мұхаммед Ар-Рабиа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары барысында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құрметті қонақты қатысушыларға таныстырып, министр Тауфик бен Фаузан бен Мұхаммед Ар-Рабианың еңбек жолына тоқталды.

Министр ақпараттық ғылымдар магистрі дәрежесін АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Питтсбург университетінде алған, Сауд Арабиясының Сауда және өнеркәсіп министрі (2011–2016 жж.), Денсаулық сақтау министрі (2016–2021 жж.) қызметтерін атқарып, бүгінде қажылық және умра министрі болып отыр. «Біз осындай құрметті қонақты университетімізде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бұл кездесу мазмұнды әрі пайдалы болады деп сенеміз», – деді бірінші проректор.

Өз кезегінде Тауфик бен Фаузан бен Мұхаммед Ар-Рабиа мырза Орталық Азиядағы ең танымал университеттердің бірі – Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің атымен аталатын жоғары оқу орнында болуға қуанышты екенін айтты. «Бүгінде Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстан мен білім және ғылым саласында ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Бүгінде Қазақстаннан келген студенттерге САК университеттерінде оқу үшін 115 білім гранты бөлінді», – деді министр. – «Мен сіздердің университеттеріңіздегі арабтану деңгейіне таңғалдым. Студенттер араб тілінде жақсы сөйлейді, бұл – оқытушылардың жоғары деңгейде білім беріп жатқанын көрсетеді. Біз ҚазҰУ-дағы Арабтану орталығын қолдаймыз және Сауд Арабиясындағы осындай орталықтармен байланыс орнатамыз. ҚазҰУ Король Салман атындағы Араб тілі бойынша Халықаралық академиямен келісімшартқа отырғанын білемін. Ынтымақтастық белсенді түрде дамуда. Болашақта ҚазҰУ-дың Сауд Арабиясындағы серіктестері арта түседі деп үміттенемін», – деді министр.

Кездесу барысында қатысушылар министрге сұрақтар қойып, толық әрі мазмұнды жауаптар алды. Атап айтқанда, оқытушылар ұмра қызметтерінің цифрлық трансформация жағдайында қалай дамып жатқаны, қажылар мен қонақтардың тәжірибесін жақсартуға қандай онлайн-платформалар ықпал еткені, Сауд Арабиясы мен Қазақстан университеттері арасында исламтанушы ғалымдар мен студенттер алмасу бастамаларын министрлік қолдай ма, қазақстандық студенттер үшін шәкіртақылық бағдарламалар мен қолдау бола ма деген мәселелерді көтерді. Қатысушылардың бірі қажыларға қызмет көрсету саласындағы үлкен цифрлық өзгерістер үшін министрге алғыс айтып, әсіресе «Нуск» қосымшасының қажылық өтеушілердің өмірін едәуір жеңілдеткенін атап өтті.

Министр Сауд Арабиясы Корольдігінің үкіметі білім беру бастамаларын белсенді қолдайтынын және Қазақстаннан шыққан дарынды студенттерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі