САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰМРА МИНИСТРІ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІFarabi University

САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰМРА МИНИСТРІ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

26 тамыз, 2025

Бүгін Сауд Арабиясы Корольдігінің Хадж және Умра министрі Тауфик бин Фаузан бин Мұхаммад Ар-Рабиа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Құрметті қонақты университеттің бірінші проректоры Е. Дүйсенов қарсы алды.

Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер министрге тікелей сұрақ қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Арабистану орталығының директоры Б. Жұбатова Хадж бен Умраны ұйымдастырудағы Сауд Арабиясы Корольдігінің бастамаларын қолдауда университеттің рөлі, ғылым саласындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобалар туралы сұрақ қойды. Министр өз кезегінде ҚазҰУ-дың Арабтану орталығын қолдауға және Сауд Арабиядағы сәйкес орталықтармен байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.

Араб бөлімі студенттерінің сұрақтарына жауап бере отырып, министр олардың араб тілін меңгеру деңгейінің жоғары екенін атап өтті және табандылықпен еңбек етіп, алдарына қойған мақсаттарына жетуге шақырды. Студенттер министрдің мақсатқа жетудегі жеке тәжірибесі, ұстаздық қызметі, уақыттың талаптары мен оларды еңсеру жолдары туралы сұрақтарын қойды.

Қазақстанмен білім беру саласындағы ынтымақтастық жөнінде министр Сауд Арабия тарапынан жыл сайын қазақстандық студенттерге 100-ден астам грант бөлетінін атап өтті.

Биыл Меккеге қажылық жасаған Шығыстану факультетінің докторанты министрге Хадж кезінде көрсетілетін қызметтердің цифрлық жаңашылдықтары үшін алғыс айтты. «Нусук» сияқты платформалар қажылардың өмірін айтарлықтай жеңілдетуде белсенді рөл атқаруда. Министр Сауд Арабиясы цифрлық қызметтер аясын кеңейтіп, смарт-технологияларды белсенді енгізіп жатқанын айтты.

Бұл сапар Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы рухани-гуманитарлық салада ұзақ мерзімді әрі жемісті ынтымақтастықтың негізін қалайды деп күтілуде. Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті.