Каллиграфия бойынша шеберлік сабағыFarabi University

Каллиграфия бойынша шеберлік сабағы

8 қыркүйек, 2025

Бүгін, 2025 жылы 8 қыркүйекте, Шығыстану факультетінде бакалавриат бөлімінің арабтану студенттеріне арналған каллиграфия бойынша шеберлік сабағы өтті. Сабақты ислам каллиграфиясы саласындағы танымал түрік шеберлерінен рұқсатнама (иджазет) алған, қазіргі таңда Орталық Азиядағы тұңғыш және жалғыз кәсіби каллиграф - Орынбасар Асылбек жүргізді. 
Асылбек Орынбасар студенттерге өзінің бұл өнерді меңгерудегі жолы туралы әңгімелеп, оның қыр-сырына үңілуге көмектесетін тәжірибе, кеңестерімен бөлісті. Студенттер каллиграфия өнерімен жақынырақ танысып, қазіргі таңда қолданылып жүрген жазу мәнерлері туралы мол мағлұмат алды. Сабақ соңында шебер қатысушыларға арнайы бамбук қаламдарын сыйлап, насх пен диуани сияқты танымал мәнерде олардың есімдерін жазып табыс етті. Студенттер каллиграфияға зор қызығушылық танытып, бұл дәрістерді әрі қарай жалғастыруға ниет білдірді.
Айта кету керек, Асылбек Орынбасардың шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге Ұлыбритания, Ресей, Малайзия, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде де ерекше қызығушылыққа ие. Ол белгілі түрік каллиграфтары Хасан Челеби, Мюмтаз Сечкин Дурду, Ферхат Курлу және Ахмет Кочак сынды ұстаздардың шәкірті. 2022 жылы Стамбулдағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығында (IRCICA) каллиграфия техникасы бойынша ресми рұқсатнама алған.