Малайя университетімен меморандумға қол қойылдыFarabi University

Малайя университетімен меморандумға қол қойылды

11 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Куала-Лумпур қаласындағы Малайя университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл Малайзияның жетекші жоғары оқу орны QS халықаралық рейтингі бойынша әлемде 58-орынды иеленген.  

Қол қою рәсіміне ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов пен Малайя университетінің проректоры Нур Азуан бин Абу Осман қатысты. Аталған құжат ғылыми-білім беру саласында екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ академиялық ұтқырлыққа берік негіз қалыптастыруға жол ашады. 

Меморандум аясында бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда білім беру және зерттеу бағыттарында оқытушылар мен ғалымдар арасында тәжірибе алмасу, студенттерге шетелдік тағылымдамалар мен халықаралық бағдарламалар арқылы шетелде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, қоғамдық саясат, мәдениетаралық коммуникация, саяси және дінтану салаларын қамтитын пәнаралық зерттеулер мен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда.

Келісімнің маңызды бөлігі ретінде бірлескен жазғы және қысқы мектептер, ғылыми конференциялар, жарияланымдар мен заманауи қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобалар ұйымдастырылады. Бұл ынтымақтастық екі университет арасындағы академиялық ұтқырлықты нығайтып, ғылыми-зерттеу қызметінің географиясын кеңейтуге септігін тигізбек.

Сондай-ақ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, саяси зерттеулер және мәдениетаралық коммуникация салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қаланады. Студенттер мен оқытушылар алмасуы, бірлескен конференциялар мен жарияланымдар ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтуге ықпал етпек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі