Экономист ғалымның еңбектері сараланды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Яхия Әубәкіровтің туғанына 100 жыл толуына орай, «Қазақстанның ұлттық экономикасы: қазіргі кезеңдегі даму заңдылықтары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық инженерлік академия президенті Бақытжан Жұмағұлов, ЖОО қауымдастығы президенті Рахман Алшанов, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев және еліміздің белгілі экономист-ғалымдары мен жас зерттеушілер қатысты
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін министр Саясат Нұрбек жеткізді.
«Яхия Әубәкірұлы ұлттық ғылымды дамытуға, еліміздегі экономика мектебінің негізін қалауға зор үлес қосты. Ғибратты ғалым саналы ғұмырын нарықтық қатынастарды талдауға, соның ішінде аграрлық экономика саласын зерделеуге арнады. Осы бағытта маңызды ғылыми зерттеулер жүргізіп, монография мен оқулықтар жазды. Жұртымыз әлі күнге дейін бұл еңбектердің игілігін көріп келеді», – делінді Президент құттықтауында.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.
ҚазҰУ ректоры өз сөзінде: «Академик Яхия Әубәкіровтің ұлттық экономиканы дамыту, жоспарлау мен басқару салаларындағы еңбектері бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу бағытында жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы орайда, Яхия Әубәкіровтің ғылыми мұрасы жас зерттеушілер үшін маңызды бағдар», – деп атап өтті.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-да қалыптасқан экономикалық ғылыми мектеп туралы айтып, академик Әубәкіровтің университетпен тығыз байланысын ерекше атады. Ғалым 1952 жылы ҚазҰУ-дың экономика факультетінде аспирантураны аяқтап, кейіннен ел экономикасының түрлі салаларына арналған ғылыми зерттеулер жүргізген.
Конференция аясында «Қазақ университеті» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрген естелік кітаптың тұсауы кесіліп, академик туралы деректі фильм көрсетілді. Жас зерттеушілер арасында ұйымдастырылған студенттік ғылыми эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Жиын барысында қазақстандық және шетелдік сарапшылар ұлттық экономиканың дамуы мен цифрландыру мәселелерін талқылады.
Академиктің қызы – Қазақстанның халық артисі Жәния Әубәкірова әкесінің адамгершілігі мен рухани мұрасын еске алып, жылы естеліктерімен бөлісті.
Конференция қорытындысында қатысушылар академик Яхия Әубәкіровтің ғылыми мұрасын одан әрі зерттеп, болашақ ұрпаққа насихаттау қажет екенін атап өтті. Ғалымның еңбектері жаңа экономикалық бағыттар аясында жасалып жатқан зерттеулерге ғылыми негіз бола алатыны айтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

