«Turki Fest Almaty – 2025» жеңімпаздары марапатталдыFarabi University

«Turki Fest Almaty – 2025» жеңімпаздары марапатталды

13 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қаласының әкімдігі және Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен қала жастарының шығармашылығын қолдауға арналған «Turki Fest Almaty – 2025» қалалық жастар фестивалінің гала-концерті мен марапаттау рәсімі өтті.

Шараға Алматы қаласындағы жоғары оқу орнындарынан келген дарынды  жастар қатысты. 300-ден астам талантты жастар іріктеу кезеңінде бақ сынап, өз өнерлерін сахнадан көрсетті.

Айта кету керек, биыл Алматы қаласы «Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесін иеленді. Бұл мәртебені 2025 жылғы 21 мамырда Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми жариялаған болатын. Алматының Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы ретінде танылуы – Қазақстанның түркі әлеміндегі көшбасшы рөлін айқындайтын заңды құбылыс. Мұндай ауқымды шаралар ортақ құндылықтар мен тарихи сабақтастықты насихаттауға, жастар арасындағы өзара түсіністік пен шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға жол ашатыны анық.

Фестиваль қатысушылары мен қонақтар алдында студент жастар өнерлерін көрсетті.  Одан кейін «Turki Fest Almaty – 2025» қалалық жастар фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

«Ең үздік вокал» номинациясының жеңімпазы болып С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенті атанды. Алматы технологиялық университетінің студенттері «Ең үздік ұлттық би» номинациясын жеңіп алды. Нархоз университетінің жастары «Ең үздік аспапта ойнау» номинациясында алға шықты.

«Ең үздік ұлттық дефиле және қолөнер» номинациясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне тапсырылды. «Ең үздік топтық вокал», «Ең үздік хореография» және «Ең үздік оркестр» номинацияларында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері үздік деп танылды. Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Бақыт Арыстанғалиеваға «Ең үздік дәстүрлі әнші» номинациясы берілді. «Көрермен көзайымы» номинациясы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті Тасболат Жасұланға бұйырды.

«Ең үздік көрініс» номинациясын Абылай хан атындағы ҚХҚӘТ  университетінің студеттері жеңіп алды.

«Ең үздік харизмалы жастар» номинациясымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен дипломдар табыс етілді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі