Қазақстан мен Орталық Азиядағы мәдениеттер диалогы

26 ақпан, 2016

Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы мен Васеда университетінің (Токио, Жапония) әлеуметтік ғылымдар факультеті студенттерімен бірігіп, «Қазақстан мен Орталық Азиядағы мәдениеттер диалогы» атты XVI Халықаралық студенттік форумын өткізді.

Васеда университетінің профессоры Огихара Ацуши мен жапон бөлімінің меңгерушісі Токкарина Ақмаралдың (ҚазҰУ) алғы сөздерінен кейін әр студент өз университеті жайлы презентация көрсетті.

Одан кейін кафедра студенттерінің назарына Васеда университетінде тағлымдамадан өтіп жатқан студенттеріміз Дана Ерменова мен Асем Қаратаеваның видео үндеуі ұсынылды. Студенттер Васеда университеті туралы презентациямен танысты.

Өз жағынан Васеда университетінен келген қонақтар барлық шетел тілін оқып жүрген студенттерді «Шетел студенттерінің жұмысқа тұру үрдісі мен сана-сезімі» деп аталатын өзекті тақырыптағы презентациямен таныстырды. Презентациядан соң студенттер төрт топқа бөлініп, өз пікірлерін ортаға салды.

16-форумның есте қаларлық жайты - ол Васеда университетінен келген делегация құрамында қытайлық студенттердің болуын атап өтсе болады. Олар үшін қытай тілі оқытушысы Абдырақын Нұрқалық «Қытай тіл білімі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерінің жұмысқа тұруы» атты арнайы дәріс оқыды.

Қиыр Шығыс кафедрасының жапондық оқытушысы әрі Васеда университетінің докторанты Сайто Ацушидің презентациясы да дәстүрге айналған. Презентация тақырыбы оның Қазақстандағы соңғы 3 жыл ішінде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесімен байланысты.

Әртүрлі мәдениет пен тілдердің бірлесуі қазақтың әйгілі «Қаражорға» биінің флеш-мобымен қорытындыланды.

"Home Stay" бағдарламасы аясында әр шетелдік студент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің отбасыларына қонаққа шақырылды.