Қазақстанның Франциядағы елшісі ҚазҰУ ғалымдарымен кездестіFarabi University

Қазақстанның Франциядағы елшісі ҚазҰУ ғалымдарымен кездесті

15 қыркүйек, 2025

ZooStan (ҚазҰУ–CNRS) Орталық Азияны зерттеу археозоология орталығының мамандары Францияның Бордо қаласына жақын орналасқан Ше-Пино Жонзак мустье дәуірінің тұрақ орнында халықаралық археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда.

Аталған нысанға Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Гүлсара Арыстанқұлова іссапармен келіп, ҚазҰУ ғалымдарымен кездесті.

Ше-Пино Жонзак тұрағы 1997 жылы ашылған және Батыс Еуропадағы ең ірі палеолит ескерткіштерінің бірі саналады. 2019 жылдан бастап қазба жұмыстары ZooStan орталығының директоры Уильям Рендюдің жетекшілігімен қайта жанданды. Бүгінгі таңда ескерткіштен 22 археологиялық қабат анықталған, олар мустье мәдениетінің Кин типіне жатады және шамамен 70 мың жыл бұрынғы кезеңге тиесілі.

Қазба жұмыстары заманауи 3D тіркеу және фотограмметриялық әдістермен жүргізілуде. Ғалымдар тас индустриясын, ежелгі жануарлар қалдықтарын және тұрақ кеңістігінің құрылымын жан-жақты зерттеуде.

ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақовтың айтуынша, 2025 жылы орталық мамандары Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы бірқатар археологиялық жобаларға да қатысқан. Бұл орталықтың халықаралық деңгейге шыққанын және Орталық Азиядағы мамандармен тығыз байланыс орнатқанын көрсетеді.

ZooStan (ҚазҰУ–CNRS) орталығы жас кадрларды даярлауға да үлес қосып отыр: орталық базасында магистранттар мен докторанттар тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми тәжірибеге жол ашуда.

Елші Гүлсара Арыстанқұлова осындай жобалардың Қазақстан үшін маңыздылығын атап өтіп, археологиялық экспедиция мүшелеріне табыс тіледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі