Археологияны зерттеудің жаңа әдістері талданды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Біріккен ядролық зерттеулер институтының 70 жылдығына арналған «Археологиялық зерттеулерде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану» атты халықаралық ғылыми конференция басталды.
Конференция археология, тарих, жаратылыстану және ядролық ғылымдар саласындағы жетекші мамандардың басын қосты. Оған түрлі елдердің ғалымдары, зерттеушілері мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысып, тарихи-мәдени мұраны зерделеуде пәнаралық тәсілдерді дамыту мәселелерін талқылауда.
Ауқымды шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов ашты. Ол БЯЗИ Еуразиялық кеңістіктегі іргелі ғылыми орталықтардың бірі екенін айрықша атап өтіп, институт ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Қазіргі археология бұрынғыдай тек гуманитарлық сала емес. Ол радиокөміртекті талдау, нейтрондық активация, дендрохронология, спектроскопия секілді әдістердің жетістіктеріне барған сайын арқа сүйеуде. Бұл әдістер адамзаттың өткені туралы бірегей деректер алуға мүмкіндік береді, – деді проректор. – ҚазҰУ әрдайым ғылым, білім және мәдениет арасындағы диалог алаңы болуға ұмтылады. Мұндай пәнаралық конференциялар – ғылыми прогрестің, сондай-ақ халықаралық және ұйымаралық байланыстың маңызды қозғаушы күші».
Сонымен қатар ашылу салтанатында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батыршев, физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен, А.Х.Марғұлан атындағы Археология институты бас директорының орынбасары Әсемгүл Қасенова және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.
Форумға қатысушылар пленарлық және секциялық отырыстар барысында археологияда жаратылыстану әдістерін қолданудың басым бағыттарын, жоғары технологиялық аналитикалық тәсілдердің даму келешегін, гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы зерттеу топтарының күш-жігерін біріктіру мәселелерін кеңінен қарастыратын болады.
15-17 қыркүйек аралығында өтетін конференция тәжірибе алмасудың, жаңа зерттеулерді ұсынудың және әртүрлі елдердегі мекемелер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналады деп күтілуде. Мұнда қазіргі ғылыми әдістерді қолдану арқылы археологиялық олжалар мен тарихи артефактілерге жаңаша қарауға мүмкіндік берген бірегей жобалар да ұсынылмақ.
Шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, ҚР Орталық мемлекеттік музейі, Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ) мен Ядролық физика институты бірлесе ұйымдастырып отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


