ТДМ №16: Қоғамдық келісім мен бірлікке бағытталған жаңа қадам

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде маңызды әрі мазмұнды оқиға өтті. 2025 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚазҰУ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, университет қабырғасында «Фараби студенттік Ассамблеясы» ресми түрде ашылды.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Әзілханов Марат Алмасұлы бастаған делегация, еліміздің әр өңірінен келген жастар ұйымдарының көшбасшылары, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар мен волонтерлер, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен шақырылған жас көшбасшылар қатысты.
Жиын барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, аталмыш бастаманың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды:
«ҚазҰУ бүгінде тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты азаматтық жауапкершілікке, ұлттық сана мен патриотизмге тәрбиелейтін орта. Бүгін университет қабырғасында ашылған Фараби студенттік Ассамблеясы осы міндеттердің өміршеңдігіне кепіл болмақ. Бұл жоба жастар арасында қоғамдық келісім мен бейбітшілікті, этностар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді университет басшысы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы өз сөзінде:
«Бұл меморандум – Қазақстандағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің басты кепілі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірігіп жұмыс істеу арқылы біз елдің түрлі этностарының мәдениеті мен дәстүрін сақтауға және дамытуға елеулі үлес қосамыз», – деп атап өтті.
Іс-шара барысында «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев ҚазҰУ қабырғасында құрылған студенттік Ассамблеяның төрағасын, жаңа құрылымның мақсат-міндеттерімен таныстырды.
Меморандум аясындағы әріптестік – университет пен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасындағы ұзақмерзімді байланыс орнатуға, ал студенттік ассамблеяның құрылуы – жастар арасындағы бейбітшілік мәдениетін тереңдетуге бағытталған нақты әрі жүйелі қадам болып отыр.