ҚазҰУ халықаралық қарым-қатынастарды нығайтуда

23 ақпан, 2010

Таяуда ҚазҰУ өкілдерінің АҚШ-қа сапары аяқталған еді. ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен қазақстандық ғалымдар мен топ-менеджерлер Вашингтонның академиялық және бизнес саласының өкілдерімен кездескен болатын. Аталмыш кездесу АҚШ-тағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов пен БҰҰ-ғы ҚР-дың Тұрақты Өкілі Бірғаным Әйтімованың қолдауымен ұйымдастырылды. Келісім сөзге АСПРЯЛ-АКСЕЛС әкімшілік бағдарламасының директоры Анна Доморад, АҚШ және Қазақстанның бизнес саласын дамыту қауымдастығының директоры Вильям Вил, Джон Хопкинс университеті қармағындағы Орталық Азия және Кавказ Институтының төрағасы Фредерик Старр қатысты. Қатысушылар Қазақ ұлттық университеті ұсынған оқу бағдарламаларын аккредитациялау идеясын қолдап, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, студенттер мен жас ғалымдардың америкалық компаниялар мен университеттерде білім алмасуға жағдай жасау керектігін айтты.

Қазақстандық өкілдері үшін маңызды кездесудің бірі - Джордж Вашингтон атындағы Университет басшылығымен әріптестік қарым-қатынастарды нығайту болды. АҚШ астанасында ҚазҰУ ректоры Джордж Вашингтон атындағы Университеттің бірінші вице-президенті Дональд Леман мырзамен, оның халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасарлары Донна Скарборо және Лея Кениг ханымдармен кездескен болатын. Университет басшылары білім және ғылым саласында қарым-қатынастарды нығайту мақсатында келісім-шарт жасасты. Келісім-шартта қарастырылған негізгі мәселелер: екі жақтың оқытушы-профессорлар құрамын алмастыру, студенттік мобильділікті дамыту, ҚазҰУ оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында дәрістер ұйымдастыру, несие шарттарына жауап беретін тәжірибелік магистр және бакалавр оқу бағдарламаларын енгізу. Америкалық әріптестер ҚазҰУ ғалымдарының мақалаларын Д. Вашингтон Университетінің ғылыми баспаларында жариялауға және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторлық диссертацияларына америкалық профессорлардың басшылық етуіне қолдау көрсететіндігін айтты.

ҚазҰУ басшылығының мәлімдеуінше екі жақты келісім АҚШ-ғы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен БҰҰ-ғы ҚР-дың Тұрақты Өкілеттілігінің қолдауымен жүзеге асатын болады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі