Бірлескен жобалар мүмкіндігі талданды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Ғылым мен техника даму стратегиясы институтының делегациясы ресми сапармен келді.
Құрметті қонақтарды университеттің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибрайымов қарсы алып, ҚазҰУ-дың Қытайдың 83 жоғары оқу орнымен белсенді ынтымақтастықта екенін ерекше атап өтті. 2023 жылы университетте Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы ашылды. Сонымен қатар Қытай мен Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы, Қытай-қазақстандық энергоүнемдейтін нанотехнологиялар халықаралық ғылыми зертханасы және 5G/5.5G коммуникациялық технологиялар зертханасы жұмыс істейді.
Марғұлан Қасенұлы өз сөзінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Ғылым мен техника даму стратегиясы институтымен ынтымақтастық үлкен әлеуетке ие екенін айтып, университет үлкен бастамаларға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Делегация тарапынан институттың ғылыми даму стратегиясы бойынша директорының орынбасары Чэнь Лин сөз сөйлеп, ұйымның мақсаты мен бағыттары туралы айтты. «Институт ғылым мен технологияларды стратегиялық жоспарлау, инновациялық саясат, ғылым мен техника жүйесін реформалау, аймақтық инновациялық жүйелер құру салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді. Біз Шыңжаңның әлеуметтік-экономикалық дамуында ғылым мен технологияның рөліне үлкен мән береміз. «Бір белдеу – бір жол» бастамасына белсенді қатысып, білім мен тәжірибе алмасу аясын кеңейтудеміз», – деді ол.
Кездесуде тараптар академиялық және ғылыми-зерттеу жобалары аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, оның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасу бағыттарын да қарастырды. Бұған қоса, ғылыми-техникалық зерттеулерді үйлестіру, деректер алмасу және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

