Шығыс пен батыс ғалымдарын бір араға тоғыстырған басқосу

2025 жылы 12 қыргүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» жобасы аясында философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен тағы бір айтулы ғылыми басқосу өтті.
«Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздері» атты халықаралық дөңгелек үстелде Түркия және Малайзия делегациясы шақырылып, әр елдің қолжазба, мұрағат қорына байланысты пікір алмасу орын алды. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – қазақ даласында өмір сүрген ойшылдардың бай мұрасын әлемдік деңгейдегі ғылыми айналымға енгізу, тарихи-мәдени құндылықтарды жаңа қырынан зерделеу болды.
Дөңгелек үстелді модератор – аға оқытушы Ернар Мәжен жүргізді. Алғашқы сөзді Түркиядан келген Сүлеймание жазба шығармалар кітапханасының бұрынғы директоры, PhD Невзат Кая алып, Орталық Азия ғалымдарының әлемдік өркениетте маңызды орын алатын қолжазбаларына тоқталып, қаншама жылдық тәжірибесінен хабардар етті.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Азамат Жамашев «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» жобасының нәтижелерін көрсетті. Оның айтуынша, аталмыш антология болашақта қазақ ойшылдарының мұрасын жинақтап, жүйелеуге үлкен үлес қоспақ. Ыстамбұл университеті Теология факультеті деканының орынбасары, қауымдастырылған профессор, PhD Мұстафа Желил Алтунташ қазақ жерінде ислам ғылымдары бойынша жүргізілген зерттеулердің кейбір мысалдарын талдап, түркі-ислам өркениетінің ғылымдағы орнын айқындайтын тың деректерді ұсынды.
Ал филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рашид Мухитдинов ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған сирек араб тілді оқулықтар туралы сөз қозғады. Бұл еңбектердің қазақ қоғамының ағартушылық тарихындағы орны ерекше екені айтылды. Түркиядан келген тағы бір ғалым – Президенттік мемлекеттік мұрағаттар басқармасының өкілі Осман Езіжі Османлы мұрағатының тарихнамадағы орнын таныстырып, қазақ даласына қатысты жазбалардың маңызын атап өтті.
10-11.09.2025 «Қазақстанмен Малайзиядағы исламтанулық зерттеулер: ортақ тұстарымен өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясына келген Малайзия делегациясының мүшелері талқылауға белсенді қатысып отырды. Малайя университеті Ислам тарихы, өркениеті және білімі кафедрасының оқытушысы, PhD Шуайбу Омар Гокару айтылған шығармаларға қатысты қызығушылығын білдіріп, өз тәжірибесіне қысқаша шолу жасады.
Жиын соңында әл-Фараби университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева қорытынды сөз сөйлеп, дөңгелек үстелдің ғылыми қауым үшін маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, спикерлер мен аудармашыларға сертификаттар табысталды.
Осылайша, әл-Фараби университетінде өткен халықаралық дөңгелек үстел қазақ ғылымының әлеуетін айқындап қана қоймай, түркі-ислам өркениетінің бай мұрасын таныстыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бастамасы болды. Өткен мен бүгінді жалғаған ғылыми диалог – болашақтағы ұлы ізденістерге жол ашады.
қауымдастырылған профессор, PhD Жамашев А.Ш.,
аға оқытушы Мажен Е.К.,
докторант Елеусызбаева Н.М.
Басқа жаңалықтар


