Шығыстану факультетінде қытайлық университеттің делегациясымен кездесу өтті

2025 жылдың 18 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде «Тұрақты дамудың мақсаттары» (ТДМ) шеңберінде «Тұрақты даму үшін серіктестік» тармағы аясында Қытайдың Минзу университеті Халықаралық білім беру институтының деканы, профессор Чэнь Тяньсюй бастаған делегациямен ресми кездесу өтті.
Кездесу барысында факультет деканы М. Ш. Эгамбердиев пен қытайтану кафедрасының меңгерушісі Ф. Оразақынқызы қонақтармен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Әңгіме студенттік бастамаларды қолдау, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бағытында өрбіді.
Сонымен қатар, делегация мүшелері қытайтану кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамымен танысып, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.
Жаңа оқу жылының басында өткен бұл маңызды кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, болашақта жаңа жобалардың іске асуына жол ашады деп күтілуде.