Әскери кафедрада патриоттық сағат өттіFarabi University

Әскери кафедрада патриоттық сағат өтті

22 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әскери кафедрасында студенттер мен Алматы қаласы Қорғаныс істері департаменті өкілдерінің кездесу өтті.

Департамент бастығының орынбасары, подполковник Нұржан Естаев пен заң қызметінің бастығы, майор Алмат Сәрсенов студенттерге Қарулы Күштер қатарына шақыру тәртібі мен ережелері, сондай-ақ запастағы офицерлер мен сержанттарды шақыру ерекшеліктері туралы мәлімет берді. Әскери қызметшілердің әлеуметтік пакеті жайындағы сұрақтар студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды.

Кездесуде ҚР ҚК ардагерлер кеңесінің Алматы қаласы бойынша орынбасары, отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин студенттермен Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетовтің басшылығымен жасаған қызметі туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ студенттер мен мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру жөніндегі ардагерлер ұйымдарының қызметі туралы айтты.

Кездесудің соңында Әскери кафедраның бастығы, запастағы полковник О.Ажимов Қорғаныс істері департаментінің өкілдеріне алғыс білдіріп, студент жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын әрі қарай ынтымақтастықта жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі