Ректор шаруашылық қызметкерлерімен кездестіFarabi University

Ректор шаруашылық қызметкерлерімен кездесті

25 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ аумағында құрылыс және жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан шаруашылық қызметкерлерімен кездесті.

Ректор университеттің шаруашылық саласындағы жұмысшылардың  еңбегін ерекше атап өтіп, олардың еңбекақысын кезең-кезеңімен өсіру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бүгінде білім ордасының базасында Farabi HUB, Робототехника және мехатроника бойынша компетенция орталығы, Жерді қашықтықтан зондау орталығы, Суперкомпьютер орталығы, 10 ғылыми зертханадан тұратын Тұрақты даму орталығы, Chemical Coating Innovations ғылыми-өндірістік орталығы, BASF Mining Solutions техникалық қызмет зертханасы, Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника орталығы ашылған. Бұған қосымша жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу корпустары мен аудиториялар жаңартылды.

ҚазҰУ қалашығында іске қосылған осы орталықтардың бой көтеруіне шаруашылық қызметкерлерінің үлесі зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі», – деп атап өткен болатын.

Осы тұрғыда аталған нысандарда әрлеу, тазалау және жөндеу жұмыстарын атқарған жұмысшыларды ынталандыру мақсатында оларға арнайы сыйақы берілді.

«Сіздер университет дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі