Кәсіподақтың жаңа міндеттері талқыландыFarabi University

Кәсіподақтың жаңа міндеттері талқыланды

26 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Парасат» кәсіподағының кеңейтілген отырысында белсенділер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында жарияланған бастамаларға байланысты атқарылуы тиіс іс-шараларды талқылады.

Қатысушылар Президент жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғанын және алдағы саяси өзгерістердің негізін қалайтынын атап өтті. Осы контексте кәсіподақ үшін маңыздысы – мемлекет алдымен баршаға тең мүмкіндіктер беріп, әділдікті орнатып, қоғам игілігі үшін қызмет ету жағдайларын қамтамасыз етіп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетеді.

Кәсіподақ заңгері Дәулетбай Рысқалиев 2025-2028 жылдарға арналған Ұжымдық келісім жобасы бойынша жұмыстарға тоқталды. Еңбекақы төлеу шарттарын, әлеуметтік пакет пен қызметкерлердің маңызды мәселелерді ашық алаңдар мен тұрақты кездесулер арқылы талқылауына қатысу механизмдерін жаңғырту бағыттарын талдады.

Сонымен қатар отырыста жаңа оқу жылы үшін бөлімшелердегі кәсіподақ ұйымдарының міндеттері айқындалды. Еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіби өсуге ынталандыру шараларын әзірлеу, қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту және жас мамандар мен студенттерге қолдау көрсету жұмыстары бірлесіп атқарылуы тиіс екені баса айтылды.

Кездесу барысында бастапқы кәсіподақ ұйымдарының жаңа төрағалары таныстырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі