ТДМ 4. Сапалы білім "ШЕТЕЛДІК ТАРИХШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ"

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультеті дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректену кафедрасы жанынан құрылған Салыстырмалы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанға ғылыми-зерттеу жұмыстарымен келген АҚШ-тың Мэриленд университетінің профессоры Сара Камерон және Калифорния университетінің қауымдастырылған профессоры Ян Кемпбелмен кездесу өтті.
Профессор Сара Камерон Орталық Азия, Кеңестер одағы тарихымен шұғылданады. XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық тақырыбындағы ғылыми еңбегімен танымал. Ғалымның қазіргі зерттеу аясы - Арал теңізі маңы тарихының проблемалары. Кездесу қонағы АҚШ-тың Калифорния университетінің қауымдастырылған профессоры Ян Кемпбелл Қазақтанның жаңа заман дәуірі тарихына маманданған, жақында орыс тілінде жарық көрген «Знания и окрайны империи. Казахские посредники и российское управление в Степи 1731-1931» монографиясының авторы.
Қазақ Ұлттық университеті, Абай университеті тарихшы мамандары, phd-докторанттар, магистрантар және студенттер қатысқан танымдық кездесу қызғылықты әрі еркін пікір алмасу жағдайында өтті. Салыстырмалы тарихи зерттеулер орталығы жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Көкебаева қонақтардың ғылыми ізденіс аясы, жарық көрген еңбектері туралы хабарлама жасап, бұл кездесудің тарихшылар арасындағы ғылыми әріптестікті тереңдету, жас зерттеушілердің ғылыми-әдістемелік жағынан тәжірибе адмасуы мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап көрсетті.
Американдық ғалымдар өздерінің Қазақстан тарихы проблемаларын зерттеу соқпағына қалай келгендерін әңгімеледі. Қазақстандағы XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық проблемасын жүйелі зерттеп, арнайы монография жариялаған Сара Камерон қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген өз еңбегіне украйналық баспалары қызығушылық танытып, жарыққа шығаруға дайындалып жатқанын айтты. Қазақстандағы аштық себеп-салдары тақырыбын зерттеудегі отандық тарихшылардың, айрықша, демограф-ғалым Мақаш Тәтімов, профессор Талас Омарбековтің еңбектерін жоғары бағалаған Сара Камерон тақырыптың әлі де жеткілікті зерттелмегеніне тоқталды. Ғалымның айтуынша қазір аштық тақырыбын эпидемиология, генетика ғылымдарымен үндес пәнәралық сипатта зерттеу перспективасы ашылған. Екінші болып сөз алған профессор Ян Кемпбелл Қазақстанның далалық өңірі және Түркістан аумағындағы Ресей билігі жүргізген әкімшілік реформалардың мәнін, қазақтарға әсерін баяндады.
Кездесудің келесі бөлімі бас қосуға қатысушылардың сұрақтарына арналды. Американдық ғалымдардың ғылыми зерттеулер нәтижелерін әңгімелеуіне қызығушылық байқатқан студенттер Қазақстан тарихының жаңа кезеңіндегі білім беру, Ресей империясы басқау жүйесіндегі оқыған қазақтар, Кеңестік Қазақстандағы аштық тарихы, Кеңестік жүйенің ұлттық саясаты туралы өзекті сұрақтар қойды.
Қойылған сұрақтар бойынша американдық тарихшылар мазмұнды сараптамаларымен бөлісті. Шетелдік ғалымдармен кездесуге арнайы келіп қатысқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің медицина факультетінің оқытушысы, PһD Әлібек Мереке сөз алып, кездесу қонағы Сара Камеронның еңбегінің Қазақстандағы аштықтың ұлт денсаулығы, ұрпақтар арқылы берілетін ауруларға әсері туралы өзі жүргізіп жатқан зерттеулеріне пайдалы болған тәжірибесін ортаға салды. А. Мереке эпидемиология ғылымы бойыншы зерттеулерде Қазақстандағы аштық тарихы туралы ізденістер қорытындыларының аса маңызды екеніне тоқталды.
Шетелдік ғалымдармен кездесу соңы өзара пікір алмасу, тәжірибе бөлісу бағытындағы сұрақ-жауапқа ұласты.
Е.И. Стамшалов - дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректену кафедрасының аға оқутышысы.
Басқа жаңалықтар


