ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ: Тарих тұнған тағылымды жүздесуFarabi University

ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ: Тарих тұнған тағылымды жүздесу

29 қыркүйек, 2025

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің киелі қара шаңырағы – журналистика факультетінде жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім мен студенттер арасында шығармашылық кездесу өтті.

       Кездесу барысында ақын, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бауыржан Әліқожа мен Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай жазушының «Атылуын күткен 6 күн» романы мен «Міржақып Дулатұлы: ғұмырнама» атты еңбегінің тұсауын кесті.

       «Атылуын күткен 6 күн» романында Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесінің мүшелігіне кандидат, Қазақ автономиясының тұңғыш Ата Заңы авторларының бірі, заңғар заңгер азаттық жолындағы күрестің жалынды ұйымдастырушысы Сейдәзім Қадырбаевтың Алаш идеясын жүзеге асырудағы зияткерлік үлгі-өнегесі, пассионарлық өжеттік іс-қимылдары жан-жақты ашылған. Тілі – көркем, композициялық тіні – берік, оқиғалары ойдан емес, өмірдің өзінен алынған роман әр оқырманның жүрегіне жол табарына ешкімнің таласы жоқ.

       «Міржақып Дулатұлы: ғұмырнама» атты еңбек – Қайсар Әлімнің Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, жазушы, ақын, драматург, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ірі өкілі Міржақып Дулатұлы жайлы қалам суытпай ізденген тынымсыз еңбегінің тәтті жемісі. Биыл 140 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтіп жатқан Алаштың аяулы перзенті, көрнекті қайраткер жайлы кітаптың жазылу тарихы да ерекше.

        Жазушы 1992 жылдың 1 – 18 қыркүйегі аралығында бұрынғы Торғай облысынан жасақталған арнаулы экпедицияның мүшесі ретінде Міржақып Дулатұлының мүрдесін 57 жылдан соң Карель АКСР-інің Сосновец станасындағы қабірден алып, туған топырағына қайта жерлеудің басы-қасында болған. Сөйтіп егемен ел тарихындағы алабөтен оқиғадан алған әсерін Міржақып Дулатұлының өмірімен сабақтастыра отырып хикаят-сапарнама жазып шығады. Автордың бұл кітабында Алаш зиялысының өмірі мен шығармашылық кезеңі, қазақ халқының еркіндігі жолындағы табанды күресі танымдық әрі көркемдік тұрғыда сипатталады.

        Екі еңбектің тұсауы кесіліп, мазмұны жан-жақты сарапталғаннан кейін  жазушы Қайсар Әлім журналистика факультетінің білімде озат, қоғамда белсенді студенттеріне жаңадан жарық көрген құнды еңбектері мен арнайы шәкіртақыларды табыстады.

       Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған басқосу соңында қаламы жүйрік журналист, терең ойлы жазушы Қайсар Әлім отырған әрбір жасты білім-ғылымға, шығармашылық ізденіске, еңбекқорлыққа, адалдық пен адамгершілікке шақыра келе, ақ батасын беріп, шығармашылық табыс тіледі.

  • Мен қазіргі жас буынға еліктеймін. Өйткені олар – ізденімпаз,

жаңашылдыққа үйір. Жастардың батылдығы, шынайылығы және еркін ойлай білуі мен биік мақсаттарға ұмтылысы кез келген адамды шабыттандырады. Ақ жол, айналайындар, – деді.

        Бұрынғы дәстүр мен бүгінгі жаңашылдық үйлесім тапқан осындай рухани кездесулер – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Ардагердің ақыл-кеңесі, өткен күннен сыр шерткен естеліктері – журналистика жолына тәй-тәй басар әрбір жас үшін таптырмас мектеп.