ҚазҰУ-да студенттік ұйымдар жәрмеңкесі өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің қоғамдық өміріне қызығушылығын арттыру және оқу ордасындағы түрлі ұйымдардың жұмысын таныстыру мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың университеттегі студенттік өмірге белсенді араласуына ықпал ету, олардың бастамаларына қолдау көрсету және жоғары оқу орнының қоғамдық-мәдени ортасын жандандыру.
Жәрмеңкеге қайырымдылық, әлеуметтік, волонтерлік және мәдени салаларда жұмыс істейтін 10-нан астам студенттік ұйым қатысты. Әр ұйым өз қызметтері мен жобаларын таныстырып, қосылу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.
Мәселен, волонтерлік ұйымдар қоғамдық жұмыстарға қатысудың маңызы мен тетіктерін түсіндірсе, қайырымдылық бағытындағы ұйымдар әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған жобаларын таныстырды. Ал мәдени ұйымдар студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі бастамаларымен бөлісті.
«Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Азамат Амантай студенттердің ұйымдарға қосылуы бірінші курс білімгерлерінің жан-жақты дамуына, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауына септігін тигізетінін атап өтті.
«Сұңқар» – түрлі ауқымды шаралар ұйымдастыратын ҚазҰУ-дағы үлкен жастар ұйымдарының бірі. Қазіргі таңда 200-ден астам жас мүшесі бар. Бүгінгі жәрмеңкеде ұйымға 500-ге жуық бірінші курс студентін тарту көзделіп отыр», – дейді ұйым басшысы.
Іс-шара барысында студенттер ұйым өкілдерімен еркін әңгімелесіп, сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар жаңа достар табуға, ортақ қызығушылықтар мен идеяларды біріктіруге мүмкіндік туды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі