Әскери метеорологтар ҚазҰУ-да біліктілігін арттырды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Метеорология және гидрология кафедрасында 15-29 қыркүйек аралығында әскери метеоқызмет мамандары үшін біліктілікті арттыру курстары өтті. Оқу процесі Қазақстан-Қытай бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары зертханасында, оқу-зертханалық орталықта және ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің метеорологиялық алаңында ұйымдастырылды.
Курстар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кіші құрамына арналды. Оған Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Талдықорған, Балқаш және Жамбыл облысынан келген курсанттар мен мамандар қатысты.
Бағдарлама мазмұнды әрі тәжірибеге негізделді. Тыңдаушылар физикалық, синоптикалық және авиациялық метеорология бойынша білімдерін тереңдетті. Сонымен қатар әскери метеоқызмет құрылымы мен әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мамандардың міндеттері талданып қарастырылды. Теориялық сабақтар тәжірибемен ұштасып, қатысушылар Шымбұлақ қар-көшкін станциясында бақылау деректерін талдап, болжам жасауды үйренді.
Курстардың қорытындысы бойынша әр тыңдаушыға біліктілікті арттырғанын растайтын сертификат табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар академиялық ғылым мен әскери метеорологияның өзара ықпалдастығын нығайтып, мамандардың күрделі климаттық жағдайларда жұмыс істеу қабілетін арттырады.
Мұндай дайындық әскери метеорологтарға қауіпті атмосфералық құбылыстарды дер кезінде анықтап, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жерүсті операцияларының тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі