Геоталдау ЖИ көмегімен жетілдіріледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «AI-Week – Жасанды интеллект апталығы» аясында «Геоақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтықтан зондтау салаларында жасанды интеллектіні қолданудың перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен өткен бұл шараны университеттің Farabi GIS геокеңістіктік ғылымдар орталығы ұйымдастырды. Оған орталық мамандары, жас зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында орталық директоры Қанат Зұлпыхаров жасанды интеллект технологияларының геоақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтықтан зондтау деректерін өңдеудегі автоматтандыруды қамтамасыз ету, талдау сапасын арттыру және уақыт үнемдеу тұрғысынан маңызын атап өтті.
Қатысушылар бұл технологиялардың ғылыми зерттеулер мен нақты қолданбалы жобаларға қалай әсер ететінін саралады. Farabi GIS геокеңістіктік ғылымдар орталығының маманы Назым Жеңісова Google Earth Engine платформасында ЖИ алгоритмдерінің пайдаланылуы жайлы айтты. Ол ауқымды деректерді жедел өңдеу, кіріктірілген машиналық оқыту әдістері арқылы қысқа мерзім ішінде жүздеген спутниктік кескіндерді талдау мүмкіндігін көрсетті.
Орталықтың бас маманы Жасұлан Сманов ЖИ негізіндегі цифрлық топырақ картографиясы әдістеріне тоқталды. Ол pH, гумус мөлшері, механикалық құрам және тұздану деңгейін болжау тәсілдерін таныстырып, RUSLE және WEPP модельдерін жасанды интеллект әдістерімен біріктіру арқылы эрозиялық қауіптілік деңгейін бағалау жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ жасанды интеллектінің қолданбалы мүмкіндіктері нақты кейстер арқылы көрсетілді. Мысалы, орталықтың бас маманы Мөлдір Рахимова әртүрлі спутниктік мәліметтер мен заманауи алгоритмдерді пайдаланып, өзен ағынын болжау, сел мен су тасқынын болжау және су сапасын бағалау бойынша жұмыс тәжірибесімен таныстырды.
Бұдан бөлек, орман және дала өрттерін анықтау, урбанизация үрдістерін бақылау, ауыл шаруашылығы өнімділігін бағалау, жер қорының кадастрын жүргізу сияқты бағыттарда ЖИ құралдарының тиімділігі айтылды.
Дөңгелек үстелде жасанды интеллектінің ГАЖ және ЖҚЗ салаларында кеңістіктік деректерді өңдеуді жеделдетіп, талдау сапасын арттырудағы артықшылықтары айтылды. Алайда мамандар кейбір күрделі жағдайларда нәтижелерді түсіндіру мен шешім қабылдауда адам ықпалының маңызы жоғары екенін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


