ҚазҰУ-да әлеуметтік плакаттар көрмесі өттіFarabi University

ҚазҰУ-да әлеуметтік плакаттар көрмесі өтті

30 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында әлеуметтік плакаттар көрмесі өтті.

Шараға университеттің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының «Дизайн» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің ең үздік шығармашылық жұмыстары қойылды. Студенттер семестр сайын «Фирмалық стиль графикасы», «Заманауи жарнама дизайны» және «Жарнама плакаттарын дайындау ерекшеліктері» пәндері бойынша өз жобаларын жасайды.

Бұл жолғы көрмеде әлеуметтік мәселелерге арналған 18 плакат ұсынылды. Олардың ішінде экология, зиянды заттар, жастар тәрбиесі және зорлық-зомбылық сияқты өзекті тақырыптар кеңінен қамтылды. Студенттердің әр жұмысы қоғамдағы маңызды мәселелерді ашық әрі көрнекі түрде көрсетуге бағытталған.

Мұндай әлеуметтік тақырыптарға арналған плакаттардың жалпы саны 100-ден асты. Сондықтан болашақта ауқымды әрі көлемді көрме ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылуда. Бастама жастардың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, жастарды қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударуға тәрбиелеуге бағытталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі