Жатақханадағы асхана бөлмелері жаңартылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №18 студенттер үйінде асхана бөлмелерінің жөндеуден кейінгі салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы, заң факультетінің 2004 жылғы түлектері және студенттер қатысты.
Шарада ҚазҰУ Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор міндетін атқарушы Бақытжан Омаров құттықтау сөз сөйледі.
Проректор Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттердің өмірі мен оқуы үшін қолайлы жағдай жасауға үлкен мән беретінін білдірді. Жөндеу жұмыстары заң факультеті түлектерінің демеушілік қолдауымен жүргізілгенін атап өтіп, оқу орнында дәстүрлер жалғастығының ерекше маңызға ие екенін айтты. Жетістікке жеткен үздік түлектердің үлкен өмірге аяқ басқан жастарға қолдау көрсетуін ерекше үлгі етті.
Аталған студенттер үйінің жастары өз кезегінде демеушілерге алғыс айтып, жаңа құрал-жабдық пен жиһазды ұқыптылықпен ұстайтындарын жеткізді.
Жаңартылған жатақханада қазіргі уақытта 460 студент тұрады. Түлектердің күш-жігері мен қолдауы арқасында атқарылған жұмыстар студенттердің жайлы өмір сүруіне және оқу мен жеке дамуына ықпал етуге бағытталды.
Шараны заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


