ҚазҰУ Жоғары білім қызметкерлері күнін атап өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 қазан – Қазақстан Республикасының Жоғары білім қызметкерлері күніне орай, арнайы іс-шаралар өтті. Атаулы күн оқу орнының барлық факультетінде ерекше маңызды әрі салтанатты түрде ұйымдастырылды.
ЖОО қызметкерлерінің кәсіби күнін атап өту олардың беделін арттыруға, сондай-ақ профессор-оқытушылар мен ғалымдардың академиялық орта қалыптастырудағы ғылымды ілгерілетудегі маңызды рөлін айқындауға ықпал етеді. Бұл күн – жастарды тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға өмірін арнаған мамандар еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Мерекелік шара аясында ардагер ұстаздар, белгілі ғалымдар, жетекші зерттеушілер мен үздік түлектер дәріс оқыды. Олар өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға білім жолындағы табандылық пен қажырлылықтың маңызын түсіндірді. Жас мамандар мен студенттерге құнды кеңестер мен кәсіби бағыт-бағдар берді.
Жастар өз кезегінде дәрістерден кәсіби бағыт-бағдармен қатар, өздеріне сенімділік алғанын және өз мүмкіндіктерін кеңейтуге деген ынта-ықыластары артқанын айтты. Сонымен қатар олар ұстаздардың еңбегі қоғамның ілгерілеуімен, елдің тұрақты дамуымен және оның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігімен тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
Шаралар барысында университеттің әрбір факультетінде білім, ғылым және спорт саласындағы жетістіктерді насихаттауға арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмелер – ҚазҰУ-дың ғылым мен спорттағы табыстарының бір көрінісі. Университеттің ғылыми зерттеулері, спорттық жетістіктері мен инновациялық жобалары студенттер мен оқытушы-профессорлардың үлкен қызығушылығын оятып, білім сапасын одан әрі жоғарылатуға деген ықыласын арттыра түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі