Біздің студенттер мен жас зерттеушілер – ҚазҰУ-дың халықаралық келбеті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің молекулалық биология және генетика кафедрасы ғылымға өз үлесін қосып, халықаралық академиялық қауымдастықты абыроймен танытып жүрген жас ғалымдар мен талантты студенттерін таныстыруды жалғастыруда. Бүгін біз сіздерді Қытай, Пәкістан және Бангладеш елдерінен келген үш жас зерттеушімен жақын таныстыруды жөн көрдік.
🌐 Лю Цзяоцзяо (Қытай)
2025 жылы ҚазҰУ-дың докторантурасына қабылданған Лю Цзяоцзяо – Сычуань провинциясы, Суйнин қаласының тумасы. Ол Чэнду дәстүрлі қытай медицинасы университетінде «Медициналық тестілеу» мамандығы бойынша бакалавр, Вэньчжоу медицина университетінде биология мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Магистратура кезінде пренаталдық диагностика саласында зерттеу жүргізіп, жүректің туа біткен ақауларын анықтауда SNP-микроматрицалық технологияларды қолданды. 2017 жылдан бері Суйнин орталық ауруханасында медициналық зертханашы ретінде патогендердің молекулалық диагностикасымен айналысып келеді.
2023 жылы АҚШ-тың Ұлттық есірткіге тәуелділікті зерттеу институтынан (NIDA) GCP сертификатын алды. Оның ғылыми мақалалары Fetal Diagnosis and Therapy, Molecular Cytogenetics, Chinese Journal of Human Sexuality сынды беделді журналдарда жарияланған. ҚазҰУ-дағы докторантурада Бекманов Б.О. жетекшілігімен онкология саласында зерттеу жүргізіп, жасанды интеллектті жаңа диагностикалық әдістерді дамытуда қолдануды жоспарлап отыр.
🌐 Асиф Хан (Пәкістан)
Асиф Хан – Пәкістанның Банну қаласының тумасы. Ол Банну ғылым және технология университетін «Зоология» мамандығы бойынша 3.93 GPA нәтижесімен үздік бітіріп, кафедра рейтингінде екінші орын алған.
Бітіру жұмысы аясында тауық еті сатушыларынан бөлінген тағамдық патогендерді молекулалық сипаттаумен айналысты. Нәтижесінде Lysinibacillus macroides және Bordetella hinzii гендерінің тізбектері халықаралық GenBank деректер қорына енгізілді (2023).
Ол жас зерттеушілерге арналған ғылыми семинарларға белсене қатысып, Biosafety Training Workshop және халал индустриясын дамыту курстарынан өтті. 2023–2024 жж. Банну қаласындағы Islamia Science School-да сабақ берген. Қазіргі таңда ҚазҰУ магистратурасында молекулалық биология және генетика саласында білімін жалғастырып жатыр.
🌐 Джиннатун Наса Аника (Бангладеш)
Джиннатун Наса Аника – ҚазҰУ-дың «Генетика» мамандығының студенті (бакалавриат, 2027 жылғы түлек). Ол Бангладештің беделді Viqarunnisa Noon School and College оқу орнын бітіріп, үздік 5% қатарына енген, екі жыл бойы Head Girl қызметін атқарған.
2022 жылы Ұлттық ғылыми викторина чемпионатының жеңімпазы атанып, генетикаға деген қызығушылығы Cystic Fibrosis Liver Disease тақырыбындағы жобадан бастау алған. Қазіргі ғылыми қызығушылықтары – молекулалық генетика, микробиология, биотехнология және биоинформатика.
Оқудан тыс уақытта әлеуметтік жобаларға қатысады: жасөспірімдер арасында әйелдердің денсаулығы мен гигиенасы туралы ақпаратты арттыруға бағытталған Project Konna бастамасына қосылды. Сонымен қатар, Model United Nations (MUN) конференциясында Best Delegate атағын алып, спортпен, сурет салумен және бейнемазмұн жасаумен айналысады.
Лю Цзяоцзяо (Қытай), Асиф Хан (Пәкістан) және Джиннатун Наса Аника (Бангладеш) – ҚазҰУ молекулалық биология және генетика кафедрасының халықаралық құрамын айқындайтын жарқын өкілдер. Олардың ғылыми жетістіктері мен белсенді азаматтық ұстанымы ғылымның дамуына үлес қосып қана қоймай, университеттің халықаралық беделін нығайтуға да зор ықпал етуде.
Молекулалық биология және генетика кафедрасы