Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері биыл елімізде алғаш рет тойланып отырған 1 наурыз – «Алғыс айту» күнін ерекше атап өтті. Олар киелі қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға өз алғыстарын білдіруді жөн көріп, «Рақмет» сөзі бейнеленген флешмоб ұйымдастырды.
Асқақ армандары орындалып, еліміздегі үздік университетке оқуға түскен студенттер флешмоб арқылы өздеріне сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп жатқан білім ордасына, оның басшылығы мен барша оқытушы профессорлар қауымына шексіз алғыстарын жеткізуді мақсат етті.
Әсем Алатау баурайында орын тепкен көрікті ҚазҰУ қалашығында жастарға барлық жағдай жасалғанын, спорттың кез келген түрімен шұғылданып, шымыр болуға, тыныш әрі жайлы өмір сүруге зор мүмкіндік бар екендігін мақтанышпен айта келіп, студенттер шын жүректен жан-жақты дамуға жол ашқан университетке шексіз ризашылықтарын айтты. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып, осы университеттің түлегі атану – жарқын болашаққа деген нық қадам», – деді жастар.
Шараны ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім мен Жастар ұйымдары комитеті ұйымдастырып, студенттердің бастамасына қолдау білдірді.