Чонбук ұлттық университетімен ғылыми байланысFarabi University

Чонбук ұлттық университетімен ғылыми байланыс

7 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Чонбук ұлттық университетінің (JBNU) халықаралық істер жөніндегі вице-президенті Ян О-Бонг бастаған делегациямен жүздесті. Кездесудің мақсаты – жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті тереңдету және білім мен ғылым салаларындағы бірлескен іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылау.

Кездесу барысында Еркін Ерманұлы екі ел ынтымақтастығының бірқатар басым бағыттарына тоқталып, ҚазҰУ Кореяның Сеул ұлттық университеті, Каннам университеті, Пусан шетел тілдер университеті, Донгук, Ёнсе, Кукмин, Намсель, Сангмен, Ханьян сияқты беделді университетерімен ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.

Бүгінде ҚазҰУ-дың Шығыстану және Корейтану кафедраларында корей тілі мен мәдениетін оқыту бағдарламалары қарқынды дамып келеді. Университет жанындағы Халықаралық корейтану орталығы табысты жұмыс атқарып, Оңтүстік Кореяның тарихы, мәдениеті мен саясатына қатысты зерттеулерді үйлестіру, тілдік білім беру бағдарламаларын іске асыру және аймақты терең меңгерген мамандар даярлау бағыттарында жұмыс жүргізуде.

Өз кезегінде JBNU вице-президенті Ян О-Бонг ҚазҰУ-мен өзара тиімді серіктестікті дамытуға мүдделілігін білдіріп, екі университеттің де халықаралық білім беру экожүйесін қалыптастырудағы ортақ мақсаттарын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ықтимал әріптестік формаларын талқылады: студенттер мен оқытушылар алмасуы, бірлескен зерттеу жобалары, корей мамандарын ҚазҰУ-ға шақыру және бейінді бағыттар бойынша докторанттарға жетекшілік жасау. Кездесу соңында тараптар алдағы бірлескен іс-шараларды жоспарлау жөнінде келісімге қол жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі