Есімі мен ерлігі ел есінде

2 наурыз, 2016

Білім мен ғылымның қасиетті қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академик, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Aрысланұлы Жолдасбековтің 85 жасқа толуына орай алқалы жиын өтті.

1970-1986 жылдары С.Киров атындағы ҚазМУ-да 16 жыл бойы ректорлық қызмет атқарған Өмірбек Aрысланұлының бүгінде әлемнің үздік университеттері қатарына іліккен ҚазҰУ қалашығының негізін қалауға сіңірген еңбегі зор. 39 жасында Қазақстанның тұңғыш университетіне бекітілген ректор еліміздің білім беру ісін жаңа бағытқа бұрып, ғылым айдынына тың тыныс әкелді. Ол көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері ретінде еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

Ғалымның туған күні ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бастаған университет ұжымы мен белгілі ғалымдар, Өмірбек Арысланұлымен қызметтес болған достары, құрбы-құрдастары, отбасы мүшелері, шәкірттері мен студенттері жиналып, ғалым рухына тағзым етті. Академик ескерткішіне гүл шоқтарын қойған соң шараны ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ашты. Ол білім ошағында бүгінгі таңда жалғасын тауып жатқан жобаларды кезінде Ө. Жолдасбековтің өзі жоспарлап кеткенін және академиктің университет дамуына сіңірген зор еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ҚР ҰҒA президенті Мұрат Жұрынов пен профессор Сұлтан Сартаев сөз алып, ғалымның өнегелі өмірінен тағылымды естеліктер айтты.

Іс-шараның жалғасы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетіндегі Ө. Жолдасбеков атындағы үлкен дәріс залының салтанатты ашылу рәсіміне ұласты. Дәрісхана лентасын университет ректоры Ғалым Мұтанов пен ҚР ҰҒA президенті Мұрат Жұрынов кесті.

Ғалым Мұтанов өнегелі өмір иесінің атқарған қызметі, қайраткерлігі хақында баяндама оқыды. «Өмірбек Арысланұлы қызмет қылған жылдары қазақтың білім кеңістігіне жаңашылдық алып келді. Көптеген игі істердің жаршысы болған Өмекеңнің Қазақ елін өзге бағытта дамыту, білім мен ғылымды өркендету жолында жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Бастысы ғалым өз ізбасарларына ең құнды нәрсе – өзінің ғылыми мұрасын қалдырды. Өмірбек Жолдасбеков 25 ғылым докторын, 100-ден аса ғылым кандидатын дайындады. Ол – 400-ден астам ғылыми еңбектің, 12 монография мен 30 оқулықтың авторы. Сонымен қатар, Ө. Aрысланұлы республикамыздың Жоғарғы Кеңесінде қызмет қылып, онан соң Парламент депутаттығына 6 рет сайланған. Кейіннен ел Мәжілісінің әлеуметтік даму бойынша комитетінің төрағасы болған біртуар азаматтың кешегі жүрген жолы мен қылған еңбегі баршамызға үлгі-өнеге. Ол кісінің әр ісі мен жеткен жетістігі – біз үшін үлкен мектеп. Мен осындай ардақты азаматтың ісін жалғап, ізімен жүргенімді мақтан тұтамын және ісімді үлкен жауапкершілікпен атқарамын», – деді ректор.

Қайраткердің ғұмырынан сыр шерткен деректі фильм қазақтың дара тұлғасы жайлы жастарға мол мағлұмат берді. Үздік студенттер мен мектеп оқушыларына Өмірбек Жолдасбеков атындағы шәкіртақылар табысталды.

Шара барысында оқылған ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құлмұхаммедтің құттықтау хаты да Өмірбек Арысланұлының азаматтық келбетін аша түскен еді. Одан кейін мінбеге ҚР ҰҒA президенті, академик Мұрат Жұрынұлы шығып сөз сөйледі. Ол: «Елінің қамы үшін қызмет қылған ардақты азаматтың өмірі туралы жиын басталғалы бері естіп-біліп жатырмыз. Ол кісіні мен студент жасымнан білемін. Талай дәрісін тыңдадық. Өте бір тартымды, қарапайым өмірден алынған мысалдармен дәріс оқитын. Профессор өмірінің ең мәнді жылдарын ұстаздыққа арнады. Өмірінің көп бөлігін осы ҚазҰУ-да өткізді. Жастық шағын да осындай үлкен университет қалашығын салуға күш жұмсады. ҚазҰУ қалашығы – ол кісінің артында қалдырған ең үлкен, елеулі еңбектерінің бірі. Ол кісінің қалаған мектебі, университеті – бүгінгі күннің қымбат қазынасы. Өмекең іргесін қалаған ҚазҰУ қазіргі таңда ерекше қарқынмен гүлденуде. Осы тұста талмай еңбек етіп жатқан университет ұжымы мен ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлына алғыс білдіріп, алдағы уақытта сәттілік тілеймін!» – деді. Мұрат Жұрынұлының сөзін жалғап ортаға академиктің қызметтес болған әріптестері, шәкірттері шығып, ерекше естеліктерімен бөлісті.

«Елінің жарқын болашағына бар ғұмырын арнаған Өмірбек Жолдасбековтің 85 жылдық мерейтойына жиналған барша қауымға отбасымның атынан алғыс айтамын. Бүгін әкемнің туған күнінде арнайы еске алып, осындай үлкен шара өткізіп жатқан университет басшылығына шексіз ризамын. Әкеміздің өмір жолы мен еткен істеріне өздеріңіз куәсіздер. Мен осындай алып тұлғаның ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын және әрдайым зор жауапкершілік сезінемін!» – деп академик, профессор Өмірбек Aрысланұлы Жолдасбековтің қызы Баян Өмірбекқызы жиынды қорытындылады.

Бар саналы ғұмырын елінің игілігі жолына сарп еткен тұғыры биік тұлғаның есімі мен ерлігі, ерен еңбегі ел есінен ешқашан да өшпек емес.