Жаһандық журналистика: кәсіби және педагогикалық тәжірибемен бөлісуFarabi University

Жаһандық журналистика: кәсіби және педагогикалық тәжірибемен бөлісу

9 қазан, 2025

5-қазан Дүниежүзілік мұғалімдер күніне орай журналистика факультеті ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастырумен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Баялиева Дәмегүл Сердалықызының 75 жылдық мерейтойына және ғылыми- педагогикалық қызметінің 40 жылдығына арналған «Жаһандық журналистика: тұрақты даму мақсаттары және сындарлы қоғамдық диалог» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Модератор, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы бүгінгі мерекелік шараның әлемдік және ұлттық маңызына тоқтала келіп, университетімізде ғылыми-педагогикалық қызметті абыроймен атқарып жүрген профессор-оқытушылардың көптеп саналатынын атап өтті.

«Тұрақты даму мақсаттары және ЮНЕСКО-ның журналистика саласындағы бағдарламалары» атты бірінші бөлімде ҚР ҰҒА академигі, профессор Жақып Бауыржан Өміржанұлы, профессор Ахметова Лайла Сейсембекқызы, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Ошанова Орынтай Жаңабайқызы Қазақстандағы БҰҰ-ның 17 тұрақты даму мақсаттарының, оның ішінде климаттық өзгерістерді, гендерлік мәселелерді, медиа сауаттылықты қамтуды қоса алғанда, журналистік тәжірибені жақсарту мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар туралы айта келіп, жалпы кәсіби сапалы білім беру бағытындағы ұстаздардың еңбектеріне ерекше тоқталды.

«Баялиева Дәмегүл – журналист, ғалым, ұстаз» атты 2-секция бойынша

ақын, публицист, мәдениет және қоғам қайраткері Өтеген Оралбайұлы, «Шалқар» радиосының Бас директоры Төлепберген Болатбек, Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Әділжан Бану, ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» жергілікті кәсіподақ ұйымы» қызметкері Ложникова Ольга Петровналар сөз алып, ұстаздың жалпы адам өміріндегі, жалпы кәсіби маман тәрбиелеудегі рөлі және қазіргі таңдағы заманауи технологиялардың мұғалімнің қызметіне оң және теріс ықпалдары туралы өз пікірлерін ортаға салды.