ҚазҰУ-да CSAM-2025 халықаралық конференциясы басталдыFarabi University

ҚазҰУ-да CSAM-2025 халықаралық конференциясы басталды

9 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Информатика және қолданбалы математика» атты X халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тұран университеті және Польшаның Люблин техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Ауқымды ғылыми форумға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Вьетнам, Мажарстан, Грузия және басқа да елдердің жетекші ғалымдары мен ІТ-саласының мамандары қатысып жатыр. Конференция барысында информатика, есептеу математикасы, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелер талқылануда.

Шараның ашылу барысында Халықаралық бағдарламалық комитеттің төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Мақсат Қалимолдаев конференцияның аймақтық қана емес, халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми алаңға айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл жиын жаңа идеялардың тоғысып, бірлескен ғылыми жобалардың бастау алуына мүмкіндік береді.

Форумда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, ғылымның дамуы қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен  халықаралық серіктестіктің өзара сабақтастығына негізделгеніне назар аударды.

Шара бағдарламасы бойынша пленарлық баяндамалар, тақырыптық секциялар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылуда. Негізгі назар математикалық модельдеу мен есептеу процестерін оңтайландыруға, жасанды интеллект пен Big Data жүйелерін жетілдіруге, сонымен қатар киберқауіпсіздік пен цифрлық сенімділікті қамтамасыз етуге аударылды.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми еңбектер жинағы жарық көреді, ал үздік мақалалар Scopus және Web of Science халықаралық базаларына енгізілген беделді ғылыми журналдарда жарияланатын болады. CSAM-2025 конференциясы 11 қазанға дейін жалғасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі