Заманауи зертханалық медицина мүмкіндіктері
Алғашқы рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Әл-Фараби кітапханасында Қазақстан медициналық зертханалық диагностика қауымдастығының (ҚМЗДҚ) IV Халықаралық Конгресі өтті. Екі күндік жиынға Ресей, АҚШ, Франция және Қазақстанның барлық аймақтарынан келген медициналық кәсіби білім беру саласындағы мамандар қатысты.
«Заманауи зертханалық медицина: зертханалық талдаудың инновациялық технологиялары және оларды Қазақстанда клиникалық қолданудың жаңа мүмкіндіктері» деген атаумен бастау алған конференция отырысының негізгі өзегі зертхана қызметкерлерін даярлаудағы кәсіптік және білім беру стандарттарын әзірлеу мәселесі төңірегінде өрбіді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев университеті мен С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дан келген қатысушылар елімізде медицина саласының мамандарын даярлайтын үздік оқу орындарының бірі болғандықтан, өз тәжірибелерін ортаға салуға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, Ресей медициналық зертханалық диагностика қауымдастығы (РМЗДҚ) президенті Д.Б.Сапрыгиннің сәлемдемесін алып келген осы мекеменің вице-президенті Александр Гильманов заманауи зертханалық медицина мәселесі екі елде де ұқсас жағдайда екеніне назар аудартты. «Біз, Қазақстанмен жемісті жұмыс атқарып келеміз. Белгілі салаларда қордаланған мәселелер аз емес. Оларды ортақтасып, бірігіп шешкен дұрыс», – деді профессор Александр Гильманов. Елдің түкпір-түкпірінен және шетелден келген биомедицина және зертханалық диагностика саласының ғылыми қызметкерлері конференция жұмысы барысында тәжірибе алмасып, жаңадан енгізілген инновациялық технологиялар туралы бірсыпыра мәліметтерден құлағдар болды.
Құрылғанына 5 жыл толған ҚМЗДҚ аталмыш іс-шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы жиынның ҚазҰУ базасында ұйымдастырылуы және үздік университеттердің жетекші ғалымдарының қатысуы, ғылымның жаңа түрлері мен биомедицинаның жаңа буын зертхана мамандарын халықаралық стандарттар негізінде дайындалуы Қазақстанда биомедицина саласының дамуына жаңа серпін мен тың идеялар берері хақ.