Академик Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасы сараланды

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шора Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық конгресс өтті.
Конгресте түркі халықтарының өзара ынтымақтастығын нығайту, тілі мен мәдениетінің ортақтығын зерттеу және түркологияның өзекті мәселелерін саралау бағытындағы мәселелер талқыланды.
Іс-шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де мемлекеттерден келген филолог-ғалымдар мен сарапшылар жиналды.
Жиында министр Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта: «Шора Сарыбаев – тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосты. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға атсалысты. Тұғырлы тұлғаның қайраткерлігі мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз», – делінген.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев баяндамасында бүгінгі конгресс филология ғылымының жаңа бағыттары бойынша ой-пікір алмасуға және тіл мен мәдениеттің сабақтастығын жаңаша зерделеуге мүмкіндік беретінін айтты.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Шора Сарыбаевтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі екенін айрықша атап өтті. «1945-50 жылдары университетте білім алып, кейін Қазақ тілі кафедрасының аспирантурасында оқыды. 1954 жылы «Қазақ тіліндегі одағайлар» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Шора Шамғалиұлы 1954 жылдан 1995 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында үздіксіз еңбек етті. Аға ғылыми қызметкерден бастап, институт директорының орынбасары, бас ғылыми қызметкерге дейінгі жолдан өтті. Шора Сарыбаев – түркі тілдері бойынша аймақтық лексикография теориясын тұңғыш негіздеген ғалым. Академик Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасы – қазақ тіл білімінің темірқазығы. Бұл еңбектер бүгінде оқытушыларға көмекші құрал, жас ғалымдарға бағдар болып отыр», – деді ректор.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы академиктің қаламынан шыққан З00-ге тарта ғылыми еңбек, 20-дан астам монографиялық зерттеулер, оқулықтар мен сөздіктер отандық ғылымды дамытуға қызмет еткен туындылар екенін жеткізді.
Конференция барысында Шора Шамғалиұлының өнегелі өмір жолы, ауқымды ғылыми қызметі, әсіресе, алтайтану, диалектология, лексикография саласындағы жетістіктері ерекше атап өтілді.
Соңында Шора Шамғалиұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың, сондай-ақ ғалым туралы жазылған мақалалар жинағының тұсауы кесілді.
Ауқымды шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР ҰҒА, Халықаралық түркі академиясы, ҚазҰУ мен «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп ұйымдастырды.
Конгрестің секциялық жұмысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі