ҚазҰУ-да профессор М.Барманқұлов атындағы жаңартылған телестудия ашылдыFarabi University

ҚазҰУ-да профессор М.Барманқұлов атындағы жаңартылған телестудия ашылды

11 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде профессор Марат Барманқұлов атындағы қайта жаңартылған телестудияның ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға университет басшылығы, ғалымдар, еліміздің жетекші журналистері, медиа саласының мамандары, профессордың отбасы мүшелері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Бақытжан Омаров телестудияның қайта жаңартылуын университеттің медиа білім беру саласындағы маңызды жетістігі деп атап өтті.

«Жаңарған телестудия – бұл тек техникалық жабдық емес, жас журналистердің шығармашылық қабілетін шыңдайтын, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін заманауи оқу-тәжірибелік орталық. Мұнда студенттер телевизияның заманауи форматтарымен танысып, өз идеяларын жүзеге асыра алады. Бұл бастама олардың кәсіби қалыптасуына және медиа кеңістікте бәсекеге қабілетті болуына үлкен серпін береді», – деді Бақытжан Омаров.

Өз кезегінде журналистика факультетінің деканы міндетін атқарушы Қанат Әуесбай сөз сөйлеп, 2009 жылы факультеттің теле-радио зертханасына профессор Марат Барманқұловтың есімі берілгенін атап өтті. Ол өз сөзінде жаңартылған телестудияның болашақ журналистер үшін заманауи білім мен тәжірибені ұштастыратын маңызды алаңға айналатынын айтты.

Іс-шарада сондай-ақ филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашев, ҚР Журналистер академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев, профессор Баян Барманқұлова және продюсер Алуа Барманқұлова жылы лебіздерін білдірді. Қатысушылар телестудияның жаңа жабдықтарымен және оның техникалық, шығармашылық мүмкіндіктерімен танысты. Бағдарлама аясында телестудия туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, студенттердің бейнежобалары ұсынылды.

Шара  соңында телестудияның қайта жабдықталуына демеушілік көрсеткен тұлғаларға алғыс хаттар табысталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі