Ректор түрколог ғалымдарды қабылдадыFarabi University

Ректор түрколог ғалымдарды қабылдады

13 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев түрколог ғалымдарды қабылдады.  

Кездесуге Түркиядағы Мугла Сыткы Кочман университетінің доценті, ф.ғ.д. Кенан Коч, Түркия ғылымдар академиясының профессоры Анар Тургай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары Мағрипа Ескеева мен Гүлғайша Сағидолда  қатысты.

Тараптар түркология ғылымын дамыту, ортақ зерттеу жобаларын іске асыру және бірлесіп кітап шығару мәселелерін талқылады.

Жүздесуде Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға университетте түркология ғылымын зерттеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелерін таныстырды. ҚазҰУ-да Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылып, қазіргі таңда ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Осы тұрғыда ректор екі елдің ғылыми және білім беру институттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған нақты жоспарлар мен жобаларды іске асыру қажет екенін жеткізді.

Өз кезегінде түрколог ғалымдар кездесуде айтылған ұсынысты қолдап, аталған бастамаларды атқаруда қос мемлекеттегі университеттер мен институттардың ресурсы мен мол әлеуеті жететінін айтты.

Кездесуде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев түрколог ғалымдарды "Farabi" медалімен марапаттады.

Соңында тараптар алдағы уақытта бірлескен ғылыми семинарлар, халықаралық симпозиумдар мен конференциялар ұйымдастыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі