Біздің ауыл жігіттері – жігіттердің төресі
Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні ҚазҰУ-да ерекше тойланып өтті. Университет ер-азаматтары дайындаған мерекелік жиын биыл да жоғары деңгейімен есте қалды. Ардақты әже, аяулы ана, сүйікті қыз-келіншектер мерекесіне арнап тек ер-азаматтарымыздың өнер көрсетуі ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет ректор Ғалым Мұтанұлының бастамасымен жүзеге асқан болатын. Дәстүрге айналған игі бастама биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр.
Кештің көркін қыздырған университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, факультет декандары мен олардың орынбасарлары, проректорлар мен бөлім басшылары түрлі кейіпке еніп, кешті әнмен әрлеп, сері жігіттер би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Аспанда ай, жерде сен
Екеуінде теңесем
Өкпелемес толған ай,
Маған артық сен десем.
Ай алыс, ол ортақ
Жарық түсірер қараңғыда.
Сәулесі айдың керек емес,
Болғанда, сәулем, сен жанымда, – деп құттықтап, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов қыз-келіншектерді қандай асылға теңесек те жарасатынын айтты.
Шәмші, Ермек Серкебаев пен Досмұқасанның репертуарындағы әндер, ретро және той хиттарынан айтылған попури әлемді қиялмен ғана емес, әуенмен де шарлауға мүмкіндік берді. Қырмызыдай құлпырған қыздарды құттықтау үшін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров ҚазҰУ-ға арнайы келді. Галина Есмұхаметованың көркемдік жетекшілігімен «Бақыт kidsтың» ерекше хореографиялық қойылымы мен «Песня мамонтенка» әнін орындаған ҚазҰУ қызметкерлерінің өнерлі балапандары мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Күнделікті қарбалас жұмыс барысында емес, бейресми форматта мерекелік көңіл-күймен өткен жиын ешкімді де бейжай қалдырмады. Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына жиналған нәзік жанды көрермен аяулы да асыл жандылардың мейрамын ұлықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлаған қазұулық ер-азаматтарға «біздің ауыл жігіттері – жігіттердің төресі» деген жоғары бағасын берді.
Көгілдір көйлегі көлбеңдеп, ерке көктеммен ере келген әдемі мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!