- Басты бет
- Жаңалықтар
- әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенттері Қытайдағы халықаралық инновациялар конкурсының күміс жүлдегерлері атанды. ТДМ 4 және ТДМ 9
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенттері Қытайдағы халықаралық инновациялар конкурсының күміс жүлдегерлері атанды. ТДМ 4 және ТДМ 9
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің «Материалтану және жаңа технологиялар» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Мақсат Сүнгғылы мен Жанатұлы Жанкелді Қытай Халық Республикасының Білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған China International College Students’ Innovation Competition 2025 халықаралық инновациялар конкурсының Орталық Азия аймақтық кезеңінде күміс медаль иегерлері атанды.
Байқауға Орталық Азия елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының докторанттары, магистранттары және бакалаврлары қатысып, барлығы 198 инновациялық жоба ұсынылды. ҚазҰУ студенттерінің жобасы бакалавриат санатында ұсынылып, жаңа материалдар мен нанотехнологиялар саласындағы ғылыми жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және пәнаралық тәсілімен ерекшеленді. Бұл командаға өңірдегі ең үздік жас зерттеушілер қатарынан лайықты орын алуға мүмкіндік берді.
Жоғары кәсіби дайындық пен жауапкершіліктің арқасында ҚазҰУ командасы аймақтық кезеңнің күміс жүлдегері атанды. Байқау қорытындысы бойынша Қытай тарапы қазақстандық студенттерді 2025 жылғы 12–19 қазан аралығында ҚХР Хэнань провинциясының Чжэнчжоу қаласында өтетін халықаралық финалға қатысуға ресми түрде шақырды.
Финалдың ұйымдастырушылары — Сиань қаласындағы Northwestern Polytechnical University және School of Materials Science and Engineering факультеті — ҚазҰУ студенттерінің ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, оларды финалға және академиялық алмасу бағдарламаларына қатысуға ресми шақыру жіберді.
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қосқан үлес
Физика-техникалық факультет студенттерінің бұл жетістігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім, ғылым және инновациялар саласындағы тұрақты даму қағидаттарына адалдығын көрсетеді және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) толық сәйкес келеді:
- ТДМ 4 – Сапалы білім беру (Quality Education):
Халықаралық инновациялық конкурстарға қатысу студенттердің жаһандық академиялық құзыреттерін, сыни ойлау қабілетін, инженерлік міндеттерді шығармашылық тұрғыдан шешу дағдыларын және ғылыми ұтқырлығын арттыруға ықпал етеді. ҚазҰУ студенттерге заманауи білім беру мүмкіндіктеріне тең қолжетімділік ұсынып, әлемдік деңгейдегі мәселелерді шеше алатын жаңа буын ғалымдарын қалыптастыруда. - ТДМ 9 – Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым (Industry, Innovation and Infrastructure):
Студенттер ұсынған жоба энергия үнемдеуші жүйелерде, микроэлектроникада және «ақылды» өндіріс процестерінде қолдануға болатын жаңа буын материалдары мен технологияларын дамытуға бағытталған. Бұл ҚазҰУ-дың инновациялық экономиканы дамыту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту жөніндегі стратегиялық бағытымен толық үйлеседі.